08:18, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматыда Қазкоммерцбанктің жалпы акционерлер жиналысы өтті
АЛМАТЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда Қазкоммерцбанктің жалпы акционерлер жиналысы өтті. Онда 2008 жылғы аудиттелген жылдық қаржылық есеп пен өткен жылғы жұмыс қорытындысы туралы Басқарма есебі бекітілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл жиналыста акционерлер көптеген мәселелер бойынша шешімдер қабылдады. Мәселен банктің 2008 жылғы таза пайдасы капиталдандырылып, өткен жылғы үлестірілмеген таза пайданың есебіне қосылуы, 2008 жылдың қорытындысына сәйкес жай акциялар бойынша дивиденд төленбейтіндігі осы басқосуда мақұлданды. Артықшылықты акциялар бойынша дивиденд төлеу желтоқсанның 10-ынан басталмақ. Банктің артықшылықты акциялары бойынша дивиденд алуға құқылы акционерлердің тізімін жасау қарашаның 10-ынан қолға алынады. Өткен жылғы үлестірілмеген таза пайданың есебінен Банктің капитал қоры (резерв) 5,4 миллиард теңгеге ұлғайтылып, 50 миллиард теңге мөлшерінде бекітіледі. Былтыр Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланған М. Ержанов мырзаның өкілеттігі тағы бір жылға ұзартылып, 2009 жылы Директорлар кеңесінің мүшелеріне берілетін сыйақы мөлшері бекітілді.