Алматыда Кедендік одақ шеңберінде салық және кедендік заңнамаларды жетілдіру мәселелеріне арналған конференция өтіп жатыр

Қазақстан салық төлеушілері қауымдастығы, ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитеті және Кедендік бақылау комитеті ұйымдастырған жиын барысында салық және кедендік заңнаманы жетілдіру, кедендік одақтың кәсіпкерлерге әсері, салық пен кеден саласындағы өзгерістер талқылануда. Қазақстан салық төлеушілері қауымдастығы атқарушы кеңесінің төрайымы Жанат Ертілесованың айтуынша бірыңғай кеден аумағын қалыптастыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдау және қорғауға байланысты мәселе туындайды. «Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы кедендік одақтың құрылымында салыққа әкімшілік ету және кедендік бақылауды тиімді әрі мөлдір ету жүйесін құруға басты назар аударып отыр. Бұл еліміздің экономикалық өсуіне қуат береді. Бұл бағытта тағы бір мәселе заңнаманы үнемі мониторлингілеу және жетілдіріп тұру, оның ішінде «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңды жетілдіру қажет. Бүгінгі конференция барысында мемлекеттік құрылымдар мен кәсіпкерлердің басын қоса отырып, осы мәселелер бойынша ортақ пікір қалыптастыруды жөн көрдік» дейді Ж.Ертілесова.
Шараға ҚР Қаржы министрлігінің Салық комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин, Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен мен Белоруссияның Салық министрлігі, Ресейдің Федералдық салық қызметінің өкілдері қатысып, кедендік өзгерістерге қатысты өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан туындаған кедендік одақ пен бірыңғай экономикалық кеңістік болашағы, заңнамаға енгізіліп жатқан өзгерістер, салық және кедендік әкімшіліктендіру бойынша сұрақтарға жауап берді. Кәсіпкерлер тарапынаң пікіріне сүйенсек Кедендік одақ бойынша заңнамалардың толыққанды түрде қалыптаспауы салық пен кеден саласында көптеген түсініспеушіліктер туындатып отыр. Мәселен үшінші елдерге өнім шығару немесе алуда, одаққа мүше үштік ішінде де тауарды тасымалдаудың өзінде бірқатар мәселелер орын алып отырған көрінеді. Конференцияға қатысқан мемлекеттік орган өкілдерінің айтуынша конференцияда айтылған мәселелер заңдылық өзгерістер арқылы шешілетін болады.