Алматыда кеншілер қауымы КСРО құрметті кеншісі, белгілі тау-кен инженері Ибрагим Еділбаевты ақтық сапарға шығарып салды

«Ғылым ордасы» РМК кешенінде өткен қаралы жиынға Ибрагим Баймұратұлының туған-туыстары мен достары және кезінде бірге қызмет еткен әріптестері, шәкірттері, қала берді қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасына көңіл айтты.
Кезінде Қазақ ҚСР Түсті металлургия министрлігінде бірге істескен әріптесі Вячеслав Беднов Ибрагим Баймұратұлының алдына мақсат мақсат қоя білетін нағыз кәсіпқой маман болғандығын еске алды.
«Мен онымен алғаш рет 1957 жылы Текелі қорғасын-мырыш комбинатында таныстым. Мен ол кезде студент болатынмын. Практикаға келгенмін. Ал Ибрагим Баймұратұлы участок бастығы болатын. Кейін бертін келе өмір бізді Түсті металлургия министрлігінде жолықтырды. Бірге қызмет атқардық. Ол министрдің орынбасары болып қызмет атқарды. Ибрагим Баймұратұлы алдына мақсат қоя білетін және сол мақсатқа жете білетін нағыз кәсіпқой маман болатын. Өз ісін шексіз сүйді. Жұмысқа келгенде талапшыл болды. Ал басқа уақытта айналасына мейірімді болатын. Өзі басқарған Текелі қорғасын-мырыш комбинатын ешуақытта ұмытқан емес. Соңғы кездері тек емханада кездесіп жүрдік. Көп ауырды. Енді міне арамыздан кетті. Бірақ, оның Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін дамытуға қосқан еңбегі ешқашанда ұмытылмайды», - деді В. Беднов.
«Ибрагим Баймұратұлы Алматының бұрынғы Тау-кен металлургия институын бітірген. Тау-кен инженері. Кейін министр болып жүрген кезінде де өзі оқыған факультетті ұмытқан емес. Үнемі көмек қөрсетіп отыратын. Ол Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің дамуына қыруар үлес қосты. Бірқатар кен орындарын ашты. Мысалы, бүгінде мына Алматы облысындағы Көксу кенішінде Шунгит деп аталатын тау жынысын өндіруші және өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Ал бұл криссталдық емес көміртек, медицина саласында енді енді-енді қолданылып келеді. Ал осы істі бастап кеткен Ибрагим Баймұратұлы. Оның сіңірген еңбегі, жазған ғылыми жұмыстары ешуқаытта ұмытылмайды», - деді өз кезегінде техника ғылымдарының кандидаты, кенші ғалым Марат Журкашев.