Алматыда қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруды көздейтін almaty-transport.kz жаңа порталы ашылды

Шаһар басшысы Ахметжан Есімов бұған дейін жұртшылық алдындағы есепті кездесуінде 2013 жылды Қоғамдық көлік жылы деп жариялаған болатын.
Басқарма бастығы Талғат Абдрахмановтың айтуынша, портал қала әкімінің тапсырмасы бойынша жасалды. Ондағы басты мақсат қоғамдық көлік қызметінің сапасын көтеруге жұртшылықты тартып, олардың белсенділігін арттыру.
Талғат Әбдікәрімұлының айтуынша, порталдан кез келген азамат автобустардың бағыттары, тасымалдау тәртібі, автобус парктері мен олардың басшыларының телефон нөмірлері және тағы басқа да Алматы қаласының жолаушылар көлігі жүйесі туралы мағлұматтарды ала алады. Сондай-ақ қоғамдық көлік қызметіне қатысты қандай да бір тәртіп бұзушылықтың куәгері болып жатса, ол туралы фото және бейнематериалдарды порталдың арнайы бөліміне жібере алады.
Жалпы қазіргі таңда Алматыда 111 автобустық, 9 троллейбустық және 2 трамвайлық бағыттар жұмыс істейді. Ағымдағы жылы 371 жаңа автобус сатып алынды. Былтыр қалалық жолаушылар көлігі паркі 23 пайызға жаңартылған болатын.