Алматыда қолда өсірілген төрт жас бүркіт еркіндікке жіберу мақсатында зоология институтына табыс етілді (ФОТО)
«Эфес Қазақстан» АҚ жүзеге асырып отырған «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақтап қал» атты бүркіттерді қорғау бағдарламасы аясында төрт балапан әрі қарай жабайы табиғат аясына жіберілетін болады. Бұл туралы аталмыш компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.
«Жоба төрт жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде бүркіттердің популяциясын осындай жасанды жолмен көбейтуге болатындығына көз жеткізілді. Сонымен қатар, мұндай бастама жұртшылықтың назарын сирек құстар мен жануарлардың азаю мәселесіне аударуға мүмкіндік береді. Біз бұл жобаға ары қарай да қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Біздің ұлттық табиғи брендімізге айналған бүркіттерді сақтап, олардың ары қарай да Қазақстанның мақтанышы және ұлттық нышаны болғанын қалаймыз», - деді осыған орай «Эфес Қазақстан» АҚ Корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев.
Айта кетелік, 2012 жылдың шілдесінде Алматыда Зоология институтының ғалымдары мен «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағының қызметкерлері бүркіттерді жабайы табиғат аясына жіберу бойынша бірегей ғылыми тәжірибені жүргізу туралы шешім қабылдаған болатын. Қазақстан мен ТМД елдері аумағында мұндай тәжірибелер бұрын-соңды болмаған. Аталмыш бастама Қызыл кітапқа енгізілген бүркіттердің санын сақтап қалу және қалпына келтіруге қызмет етуі тиіс болды.
«Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақтап қал» жобасы аясында өткізілген зерттеу мәліметтері бойынша қанаттылар саны елімізде шамамен 2 мыңға жуықтайды, ал бұл популяцияны сақтап қалу үшін және оны дамыту үшін жеткіліксіз.
Осылайша, Зоология институтының ғалымдары қорық қызметкерлерімен бірге құстарды табиғатқа жіберудің екі жолын таңдап алды. Біріншісі - балапандары бар бүркіттің ұясына балапандарды қондыру. Екіншісі - бейімделген балапандарды табиғат ортасына жіберу. Төрт жас бүркітті ғалымдар енді еркіндікке жіберетін болады.
Айта кетелік, бір ерекшелігі олар дүниеге келе сала тормен жабылған арнайы үлкен орындарда өз азығын дербес іздеуге үйреніп, мейлінше жабайы табиғатта өсірілген құстар.