Алматыда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясының жаңа оқу орталығы пайдалануға берілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясы аумағында бой көтерген жаңа оқу бақылау-өткізу пункті пайдалануға берілді. Жаңа оқу орталығының салтанатты ашылу рәсіміне АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов, ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының бастығы, полковник Павел Поливанов, Шекара қызметі Академиясының офицерлері мен курсанттары және БАҚ өкілдері қатысты.
None
None

Ең алдымен әскери оркестр АҚШ пен Қазақстанның мемлекеттік әнұрандарын орындады.

Сап түзеп, оқтай тізіліп тұрған курсанттар алдында сөйлеген сөзінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділманов жаңа оқу нысанын салуға қолдау көрсеткені үшін АҚШ үкіметі мен халқына ризашылығын білдірді.

«Күрделі халықаралық жағдай, өңірдегі саяси-әлеуметтік ахуалдардың тез өзгеруі ұлттық қауіпсіздік, мемлекеттік шекараны қорғау қағидалары мен әлеуметтік тұрақтылыққа жаңа тұрғыдан қарауға итермелейді. Лаңкестік, заңсыз миграция, заңсыз есірткі, қару-жарақ тасымалдау әрекеттеріне қарсы күресте кадрлардың біліктілігі өте қажет. Бүгін жаңадан ашылған оқу нысаны барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Ол алдағы уақытта оқу үдерісінде белсенді түрде пайдаланылады», - деді Д. Ділманов.

Өз кезегінде Джордж Крол мырза Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласында әлем мойындаған көшбасшы мемлекет екендігін айтты.

«Біз ҰҚК Шекара қызметінің шекара арқылы заңсыз миграция, заңсыз тауар өткізу әрекеттеріне қарсы күресін қызу қолдаймыз. Сондықтан, осы жобаны жүзеге асыруға белсене араластық. Нысанның құрылысы мен инфрақұрылымына АҚШ үкіметі 1,2 млн. АҚШ долларын жұмсады. Бұл жаңа оқу нысаны лайықты инфрақұрылыммен, қажетті техникалармен жабдықталған. Мұнда болашақ шекарашылар өздерінің кәсіби біліктілігін дамыта алады», - деді Елші.

Осыдан кейін, АҚШ-тың Қазақстанадғы елшісі мен ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры есептік құжаттарға қол қойды. Бұдан соң, Джордж Крол мырза генерал-майор Дархан Ділмановқа жаңа оқу орталығының символикалық кілтін табыс етті.

Шекара қызметінің офицерлері мен кадеттерін оқытуға арналған толық атқарымдық бұл бақылау-өткізу пункті іс-тәжірибелік дәрістерге арналған барлық қажетті техникалармен жабдықталған. Мұнда курсанттар Қазақстанның мемлекеттік шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерінде атқарылатын барлық қажетті рәсімдерді меңгереді. Шекараны заңсыз басып өту әрекеттерін анықтауға және алдын алуға машықтанады. Мұнда төлқұжат тексеру құрылғылары, суық қаруларды және есірткі заттарын анықтайтын аппараттар, радиациясы бар заттарды анықтайтын кешендер орнатылған. Одан басқа, бұл жерде заманауи компьютерлік техникалармен жарақтандырылған оқу сыныптары ашылған.

Естеріңізге сала кетелік, жаңа оқу нысанының құрылысы 2015 жылы 7 тамызда басталған болатын. Сол күні оның іргетасын қалау рәсіміне АҚШ-тың Алматыдағы бас Консулы міндетін атқарушы Кристофер МакКейб қатысып, ғимараттың іргетасына арнайы капсула орнаттты.

Ал ҚР Шекара қызметі Академиясы мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі арасындағы ынтымақтастық 2006 жылдан бастау алады. Күні бүгінге дейін АҚШ елшілігінің белсене араласуымен 30-дан астам ірі шаралар жүзеге асырылған.

Соңғы жаңалықтар