Алматыда құрылыс компаниялардың бірінің күзетшісін өлтірген қылмыскер ұсталды

АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда  құрылыс компанияларының бірінің күзетшісін қызмет орнында айуандықпен өлтіріп кеткен қылмыскер ұсталды.
None
None

Бұл туралы Алматы қалалық ІІД-інің баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасы қылмысты ашу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сабыржан Жұрабековтың айтуынша, ауыр қылмыстық оқиға Жаңа жыл қарсаңында Жетісу ауданында болды.

"32 жастағы ер адамның денесі өз қызмет орнында табылды. Оның бет-аузы адам танымастай ұрылып, басы жарылған. Мәйіттің жанынан кірпіш табылды. Медициналық сараптама оның кірпіштен алған соққылардан мерт болғанын анықтады. Соққыларға қарағанда адам қылмысты аяусыз, айуандықпен  жасаған. Қылмыс орнын тиянақты қарап шыққан жедел іздестіру тобы жеке заттар өз орнында жатқандықтан, болған жағдайға тұрмыстық қылмыс деген болжам жасады. Оқиға орнынан ішімдік заттары табылғанымен, әріптестері оның ішімдікке әуестігі жоқтығын айтты. Біз қылмыскердің ізіне тез арада түстік. Ол бұған дейін ұрлықпен бірнеше рет істі болған Оңтүстік Қазақстан облысының 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны Алматы облысы, Жамбыл ауданы аумағында жолаушылар автобусына мініп, қашып бара жатқан жерінен ұстадық", - деді С.Жұрабеков.

С.Жұрабековтың айтуынша, қылмыскер танысын қызғаныштан өлтірген. "Мен досымды салауатты өмір салтын ұстап, ішімдік ішпей, қылмыстық істерге бармай, тұрақты жұмысы болғандығы үшін қызғандым. Сол үшін және сол кеште менімен арақ ішпегендігі үшін өлтірдім", - деп айтқан өз түсініктемесінде қылмыскер.

Соңғы жаңалықтар