Алматыда мәслихат депутаттары электр ысырабын 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік беретін келісім-шарт жобасын мақұлдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оған Мәслихаттың 37 депутатының 30-ы және қала, аудан әкімдері мен департаменттер мен басқарма басшылары қатысты. Бұл басқосуда депутаттар алдымен 15-ші сессияның «2009 жылғы қала бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізді. Онда 3 тоқсандағы жергілікті бюджеттің орындалу қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілері арасындағы оңтайландыру мен үнемдеу есебінен қалалық бюджет қайта нақтыланды. 569 миллион теңгенің 5,3 миллионын - білім беру, 87,9 миллионын - мәдениет, 340 миллионын энергетика мен тұрғын үй шаруашылығы, 113,9 миллионын - көлік және 23 миллионын өзге салаларға бөлу туралы қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Лариса Васильеваның ұсынысы мәслихат тарапынан қолдау тапты. Одан кейін депутаттар Алматы қаласы әкімдігі, «Алматыэлектркөлігі» КМК және Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы жобалық қолдау туралы келісім-шарттың жобасын мақұлдады. Онда 10 кіші стансаны қайта жаңарту көзделіп отыр. Бұл қаладағы электркөлігінің жұмыс тиімділігін біршама арттырып, электр қуатының ысырабын 10 пайызға төмендетеді. Банк тарапынан «Алматыэлектркөлігі» МКК берілетін 10 миллион доллар көлеміндегі несие жылына 5,5 пайызбен 10 жыл мерзімге берілмек. Оның 3 жылы негізгі қарызсыз тек пайыз ғана төленетін жеңілдік кезеңі болады.