Алматыда «Мазда-626» маркалы автокөліктерін ұрлауды кәсіп еткен 18 жастағы күдікті ұсталды

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері ағымдағы жылғы қараша мен желтоқсан айларында алты автокөлік ұрлығын жасаған 18 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің  мәліметтерінде хабарланған.

Алматыда «Мазда-626» маркалы автокөліктерін ұрлауды кәсіп еткен 18 жастағы күдікті ұсталды

Желтоқсан айының басында полицияға Алматы қаласындағы базарлардың бірінен «Мазда-626» маркалы автокөлігінің ұрланғаны туралы хабарлама түседі.

Қылмыскер Алатау ауданында қолға түсті. Автокөлікті 18 жастағы күдікті жүргізді.

Алатау және Жетісу ауданының ІІБ қызметкерлерінен құрылған тергеу-жедел тобы қылмыскердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.

Кешенді жедел-іздестіру және тергеу шараларын жүргізу кезінде 6 қылмыстың беті ашылды. Күдікті «Мазда-626» маркалы автокөліктерін бұдан әрі сайманға сату үшін ұрлап отырған. Ұрланған барлық автокөліктер тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.

Күдікті Алматы қаласының ІІД уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.