Алматыда өнертану ғылымдарының докторы, профессор Болат Қарақұлов өмірден озды
![None None](/static/img/plug.webp)
Болат Ишанбайұлы Қарақұлов 1942 жылы 27 наурызда Алматы қаласында туған. Өнертану ғылымдарының докторы, профессор, музыкатанушы, фольклоршы. Москва консерваториясының дирижерлік- хорлық факультетін бітірген. 1967-1969 жылдары - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының хорлық дирижерлік кафедрасының дәріскері. 1970 жылдары ҚР Ғылым Академиясының М. О. Әуезов атындағы өнер және мәдениет институтында жұмыс істеді. Қарақұловтың ғылыми қызметі музыкалық фольклор мен халықтық ән өнерінің алғашқы нұсқаларына тарихи-теориялық талдама жасаумен ерекшеленеді. Оның еңбектері қазақтың әнін, музыкалық өнерін анықтап, зерттеуге бағытталған. Ғалым Қазақстан өңірлеріндегі ән-әуендердің ерекшеліктерін, біртіндеп құрылуының тарихи үдерістерінің заңдылықтарын ашуға тырысты. Б. Қарақұловтың "Асыл мұра" музыкалық-этнографиялық жинағы республиканың музыкатану ғылымына қосылған елеулі үлесі болып табылады.
Ол сонымен қатар, Кембридж Университетінің нұсқасы бойынша (Англия) 1991-1993 жылдар аралығында «Халықаралық адам» атағына ие болған.