Алматыда өңірлік «Қазақстанның үздік тауары» байқауының жеңімпаздары анықталды (ФОТО)
Ал «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымында 1 орынға «LG Электроникс» ЖШС, 2 орынға - «Казлегпром» ЖШС, 3 орынға «Алғи плюс» ЖШС лайық деп танылды. «Ең үздік азық-түлік тауары» аталымында 1 орынға - «Рахат» АҚ, 2 орынға - «Ақсай нан» нан-тоқаш комбинаты» ЖШС, 3 орынға «Алматы өнімі» ЖШС табан тіреді. Бұл аталымды иемденуге аталған компаниялардан бөлек, шағын бизнес өкілдері, атап айтқанда 10 жеке кәсіпкерлік қатысты. Жеңімпаз кәсіпорындарға дипломдарын қала әкімі Ахметжан Есімов табыстады. «Алматы еліміздің экономикалық орталығы екендігі рас. Әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамастан, қаламыздың ахуалы жақсы. Былтыр жалпы аймақтық өнім 7,1 пайызға жетті. Қала бойынша ол көрсеткіш 8 трлн теңгені құрады. Бұл Қазақстандағы үздік көрсеткіш. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, биылғы бірінші тоқсанда Алматыда ЖІӨ 9,2 пайызға артты. Биыл өндірістік саладағы өсім көрсеткіші 104,2 пайыз болса, өңдеу саласында 12,8 пайыз болды. Біздің басты мақсатымыз осы көрсеткішті ұстап қалу. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында «БЖК-2020» бағдарламасы аясында 11 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 18 мың жұмыс орнын сақтап қалдық. Бүгін көрмені араладым. Көптеген кәсіпорындар өте бәсекеге қабілетті өнім шығарып жатыр. Кейбірі тіпті өнімдерін экспорттап жатыр», - деді А.Есімов. Дүбірлі байқауға қатысуға 102 бизнес субъектісі өтінім берген. Сондай-ақ бүгін байқау барысында көрме ұйымдастырылды. Онда 90-нан астам кəсіпорын өз өнімдерін таныстырды. Енді аталған компаниялар биыл желтоқсанда Астанада өтетін финалдық байқауда бақ сынайтын болады.