Алматыда «Орталық Азия - Орталық» газ құбыры желісіне 50 жыл толуына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Конференцияға қазіргі күні үлкен газ тасымалдау магистралына айналып отырған «Орталық Азия - Орталық» желісінің құрылысында еңбек еткен әр елдің жұмысшылары мен сол желіге құбыр жеткізіп тұрған Челябі құбыр шығару зауытының (ЧҚШЗ) өкілдері қатысты. Жиын барысында ол желінің бүгінгі таңдағы маңыздылығы мен тиімділіктері жайында сөз қозғалды. Сонымен қатар ЧҚШЗ-ның өкілдері жаңа технологияда жасалған өнімдерінің таныстырылымын жасап, серіктестік қарым-қатынасты сақтай отырып, Қазақстанға өз өнімдерін жеткізіп тұруға дайын екендіктерін білдірді.
"Біз газ құбыры желісінің құрылысын бастағанда Челябі зауытынан алғаш диаметрі 1220 мм құбыр жеткізілген болатын. Бүгінгі таңда бұл зауыт одан да үлкен диаметрдегі құбыр шығарып, үлкен жетістікке жетіп отыр екен", - дейді «Орталық Азия - Орталық» желісінде 43 жыл жұмыс істеген Әділ Имашев.
ЧҚШЗ-ның коммерциялық директоры Ярославль Ждань осы жылдан бастап зауыттарында жылына 900 мың тонна құбыр өндіретін «Биіктік 239» атты үлкен диаметрлі құбыр шығару цехы жұмыс істеп жатқандығын және әлемнің ең ірі зауыттарының бірі болып отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар ол жалпы ұзындығы 1475 шақырым болатын "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистралдық газ жүргізу құрылысы үшін құбыр жеткізу туралы тендерге қатысып жатқандықтарын айтып өтті. "Жаңа газ желісіне сапалы өнім жеткізуде Қазақстанның бізге географиялық жақын орналасуы екі елдің жақсы серіктес болуына мүмкіндік береді", - дейді Я.Ждань.