Алматыда Орталық Азия және Кавказ Конгресі өз жұмысын бастады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш конгресс «Global Village» мәдениет фестивалімен басталды. Шараға АҚШ, Қытай, Қырғызстан, Польша, Голландия, Индия, Әзірбайжан, Армения және тағы да басқа елдерден келген прогресшіл жастар, сонымен қатар, Алматы қаласының жетекші ЖОО-ның студенттері, сондай-ақ, еліміздің әр қаласынан келеген жастар өкілдері қатысуда. Фестивальде жастар өз елдерінің ұлттық тағамдарын ұсынып, салт-дәстүрін таныстырып, ән мен биден сайысқа түсуде.
«Шараға 80 делегат және 150-ден аса студент жастар қатысуда. Конгрестің мақсаты - шараға қатысушы елдер арасындағы тығыз қарым-қатынасты орната отырып, достастығымызды нығайту, сонымен қатар, шет елден келген өкілдерге Қазақстанның бай мәдениетін таныстыру болып табылады. Бірақ, ең басты мақсатымыз- жастардың бойындағы көшбасшылық қабілеттерін арттыру», деді коммуникациялар бойынша AIESEC халықаралық жастар ұйымының вице-президенті Рүстем Сұлтанмұрадов. Оның айтуынша, Конгресс барысында делагаттар мен барлық қатысушылар көшбасшылық қабілеттерін арттыруға және бизнесті жүргізуге байланысты қажетті дәрістер алады.
«Бес күн бойы өтетін шара AIESEC ұлттық комитеттің көшбасшыларын, жетекші компаниялар мен белсенді прогрессивті жастардың басын қосады. Қатысушылар кәсіпкерлік және бизнес саласындағы тәжірибемен алмасып, осы саладаға және басқа да әлеуметтік - кемсітушілік, жаһандану, вирусты инфекциялардың таралу қаупі сынды өзекті мәселелерді талқылайды. Біздің серіктестер Кәсіпкерлердің тәуелсіз қауымдастығы, "Microsoft", "АТФ Банкі", , "Turkish Airlines", "SAT" компаниялардың жетекші мамандары дәрістер оқып, тәжірибелерімен бөліседі", деді Алматыдағы AIESEC халықаралық жастар ұйымының президенті Дмитрий Дмитриев.
Португалия елінен келген, Орталық Азия және Кавказ Конгресі директоры Антонио Хенрикестің айтуынша, конгресс қоғамға өз үлесін қосам дейтін әрбір Қазақстандық жасқа көп мүмкіндіктер береді. «Олар өз бизнесін ашуда Қазақстанның көшбасы саналатын компания өкілдерінің дәрістерінен және менің дәрісімнен де көп пайдалы кеңес ала алады деп ойлаймын», деді ол.
Сәуір айының 11-не дейін жалғасатын Конгресс бағдарламасы аясында, сонымен қатар, "Орталық Азияда өз кәсіпкерлігіңді аш" деп аталатын семинарлар мен тренингтер, сондай-ақ конференциялар мен форумдар өтеді.