16:00, 11 Шілде 2013 | GMT +5
Алматыда өртті ауыздықтауда көзге түскендер қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды
АЛМАТЫ. 11 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімов 27 маусымда орын алған жол-көлік оқиғасы кезіндегі алапат өртті ауыздықтауда ерекше көзге түскен 20 адамды алғыс хатпен марапаттады. Оның арасында өрт сөндіру, құтқару қызметі, учаскелік инспектор, жол полициясы, коммуналдық қызмет өкілдері мен жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы бар.
Шаһар басшысы зардап шеккен үй мен ондағы пәтер иелерінің және өртенген көлік қожайындарының барлық шығыны толығымен өтелетінін, қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, ал күзге дейін ол толықтай аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ өртенген жанар-жағар май таситын көлік жүргізушісінің қанынан алкоголдік ішімдік табылмағанын, апаттың себеп-салдары әлі жан-жақты зерттеліп жатқанын айтты.