Алматыда республикалық «Аман келешек» мәдени-спорттық фестиваліне 3,5 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысуда (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының спорттық-жаттықтыру кешенінде осымен екінші рет балаларға арналған республикалық «Аман келешек» мәдени-спорттық фестивалі басталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оған биыл 3,5 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысуда.
None
None

«Бұл фестивальге біз Алматы қаласындағы балалар үйлерінің, мектеп-интернаттардың, арнайы және жалпы орта білім беретін мектептердің 11-16 жас аралығындағы оқушыларын шақырып отырмыз. Сонымен қатар, тағы бес облыстан осы жас аралығындағы мектеп оқушылары келді. Фестивальдің мақсаты - балаларды осы бастан кәсіпке бағдарлау, бағыттау және балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттау. Яғни, олар тек дененің саулығы ғана емес, рух саулығының да маңызды екендігін білулері тиіс. Сондықтан да фестивальдің ұраны «Аман рух - аман келешек» деп аталады», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының PR менеджері Әлия Қадырова.

Сонымен қатар ол фестиваль аясында спорттық-жаттықтыру кешенінде 19 тақырыптық алаң болатындығын жеткізді.

«Фестиваль аясында балаларды кәсіпке бағдарлау мақсатында 19 тақырыптық алаң жұмыс істейтін болады. Олар: этноауыл, көңілді эстафеталар және спорт ойындары, граффити, кино түсіру алаңы, тайцзи-цюань, «Унитрон» ғылыми шытырман ойыны, стрит-данс, профилэнд, черлидинг, волейбол, баскетбол, футбол, жауынгерлік өнерлер, шахмат академиясы, цирк өнерлері, технопарк, саламатты өмір салты орталығы, робот техникасы және астрономия алаңдары. Оларда әрбір алаң шеберлері өздеріне кезек бойынша лек-легімен келген балаларды өз кәсібіне үйретеді, оның қыр-сырын түсіндіреді және шеберлік сыныптарын жүргізеді», - деді Ә. Қадырова.

Фестиваль өз кәсіптеріне лайық киінген тақырыптық алаң шеберлерінің салтанатты шеруінен басталды. Құрметті қонақтардың құттықтау сөзінен кейін, тақырыптық алаңдарда шеберлік сыныптары басталды.

Айта кетелік, бүгін фестиваль кешкі сағат 19:00-ге дейін жалғасады.

Фестиваль соңында алаң шеберлері көзге түскен балаларды естелік сыйлықтармен марапаттайтын болады. Ал алаң шеберлері - қаламыздың әр түрлі спорт, қолөнер және өнер саласында қызмет атқаратын мекемелерінің мамандары.

Фестиваль аясында Қазақстанның жас эстрада жұлдыздарының концерті болады.

Соңғы жаңалықтар