Алматыда республикалық «Коктоbe Аrt Voices» фестиваль-байқауы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат-Алматыда 2-ші Республикалық «Коктоbe Аrt Voices» «ДжазовыйFest» балалар және жасөспірімдер фестиваль-байқауы өтіп жатыр.
None
None

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бұл шараға Қазақстанның әр өңірлерінен 150-ден астам бала мен жасөспірімдер қатысуда.

Фестивальді негізгі ұйымдастырушы ұйымдардың бірі - "Art Voсal" тобының солисі Оксана Пактің айтуынша, биылғы фестивальде джаз музыкасына ерекше басымдық берілген.

«Джаз музыкасы Қазақстанда өте танымал. Сондықтан, биылғы фестивальде біз балалардың джаз музыкасына деген қызығушылығын арттыру мақсатында осы музыкалық бағытқа ерекше көңіл бөліп отырмыз. Сондықтан да биыл қазылар алқасының құрамында джаздық музыканттар көп», - деді Оксана Пак.

Айта кетелік, фестивальдің қазылар алқасының құрамында джаздық музыканттардан бөлек, музыка сыншылары, мәдениет саласының мамандары бар. Олардың арасында композитор, музыкалық көркемдеуші Виктор Хоменков, режиссер-хореограф, балерина Гүлнар Ғаббасова, «Art Vokal» тобының әншісі Оксана Пак, танымал әнші Жанна Орынбасарованы айтуға болады.

Сонымен қатар, Оксана Пак фестивальдің мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.

«Бұл фестиваль өскелең ұрпақтың, солардың ішінде әсіресе әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, мүмкіндігі шектеулі балалар, сондай-ақ, балалар үйі мен интернаттарда өмір сүретін балалар мен жасөспірімдер арасынан дарындыларды анықтау және оларға жан-жақты қолдау көрсету. Бүгінгі фестивальге қатысушыларға тең мүмкіндіктер беріледі. Ал үш жеңімпаз басты жүлде - кәсіби студияда тегін ән жаздыру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, фестивальге қатысушыларға естелік сыйлықтар, жүлделер және Алматы облысы мен Бурабай қаласындағы балалар сауықтыру лагерлеріне 6 жолдама табыс етіледі. Яғни, ешбір бала сыйлықсыз қалмайды», - деді О. Пак.

Фестивальге еліміздің әр түрлі өңірлерінен музыкалық мектептер мен музыкалық бағытты ұстанған гимназиялардың оқушылары, балалар шығармашылық ұжымдары қатысып жатыр. Қатысушылар 5 топқа бөлінген: 3 жастан 6 жасқа дейін, 7 жастан 9 жасқа дейін, 10 жастан 13 жасқа дейін, 14 жастан 16 жасқа дейін және 17 жастан 19 жасқа дейін.

Олар бес аталым: вокал, вокал-джаз, инструменталдық жанр, хореография, театр бағыттары бойынша бақтарын сынайды. Мұнда әрбір қатысушы, топ, хор немесе ансамбльге өздері қалаған аталым бойынша екі шығармадан орындауға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар, фестиваль аясында вокал, хореография бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.

«Көктөбе» бала бақша-мектебінде өтіп жатқан фестиваль-байқау екі күнге созылады. Соңғы күні, яғни ертең кешкі сағат 20:00-де осында Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізіледі. Онда фестивальдің жеңімпаздары эстрада жұлдыздарымен бірге ән шырқайды.

Айта кетелік, фестиваль-байқау Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар