Алматыда Сағынғали Сейітовтің 95 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті

АЛМАТЫ. 20 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қазақтың ұшқыш батыр қызы, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы баспасөз бетінде бірінші боп мақала жазған әдебиеттанушы-ғалым Сағынғали Сейітовтің 95 жылдығына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оны М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ұйымдастырған болатын.
None
None

2007 жылы 90 жасында дүниеден озған С. Сейітов 1917 жылы 20 қарашада Орал облысы, Ақжайық ауданы, «Өлеңті» кеңшарында туған болатын. 1936 жылы Орал облыстық газетінде тұңғыш шығармасын жариялаған ақын «Жолдас жүректен», «Ортақ ой», «Бетпе-бет», «Өрден өрге», «Жаңғырық», «Жолдас уақыт», «Сәулет», «Серпер», «Сеңгір», «Самғау», «Майдангер көзімен» атты жыр жинақтарымен қазақ поэзиясының қоржынын байытты. «Қырық жылда» (1974), «Әдебиеттер достығы» (1965), «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі» (1966), «Тоғысқан толқындар» (1974), «Туысқандық туғызған» (1979), «Өлең өлкесінде» (1984), «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты монографиялары мен зерттеулері арқылы ұлттық әдебиеттану ғылымына қыруар үлес қосты.  1937 жылы Орал су транспорты жұмысшы факультетін, 1941 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмамдаған ол 1941-1947 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ерен ерлігі үшін  Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірқатар медальдармен марапатталған ол соғыстан кейінгі жылдары түрлі жұмыстарды атқарады. Атап айтқанда, Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болып істеді.

Соңғы жаңалықтар