Алматыда Шоқан Уәлиханов мұраларының әлемдік ғылымда алатын орны туралы халықаралық конференция өтеді
Оны «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігі ұйымдастырып отыр. Бірлестік президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбен Нұрмановтың айтуынша, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Ресей, Қытай, Түркия, Қырғызстан сияқты көршілес алыс-жақын шет мемлекеттерден ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатыспақ. Мақсат - халық ынтымағының нығаюына, еліміздің рухани және әлеуметтік-экономикалық байлығының дамуына үлес қосу.
Конференция жұмысы «Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы: зерттеу және пайымдау», «Ш.Уәлихановтың Шығыс Түркістанға сапары: әдет-ғұрып, салт-дәстүр туралы мәліметтер» деген бағыттар бойынша өтпек. Онда сондай-ақ кітап, сурет, қолөнер көрмелері мен өнер шеберлерінің концерті және Ә.Нұрмановтың «Шоқан Сагасы» 10 томдық зерттеулер жинағының таныстырылымы жоспарланып отыр.