Алматыда спорт нысандарын басқару дирекциясы құрылды (ФОТО)

«Біз осы спорт нысандарын басқару жөнінде арнайы дирекция құру туралы бастама көтердік. Бұрындары жаңадан салынған спорт нысандарын спорттық шара барысында басқарушы компания басқаратын. Содан кейін барып бұл нысандар қала балансына өткізілетін. Енді қаржыны үнемдеу мақсатында біз бірден осындай дирекция құруды жөн көрдік. Бұл орган осы бастан құрылысшылармен қоян-қолтық жұмыс істеп, нысанды пайдалануға қатысты барлық мәселелерді дер кезінде шешетін болады. Сөйтіп, спорттық шарадан кейін бос қалған ғимараттарды, олардың бөлмелерін аутсорсингке, яғни келісім негізінде жеке компанияларға бере бастайды. Сол үшін Универсиадаға орай, спорт нысандары салынып жатқан Алатау және Медеу аудандарында жаңа сервистік нысандар, кафе, мейрамхана, дүкен салудың қажеті жоқ. Өйткені олардың барлығын осы спорт ғимараттарында ұйымдастыруға болады. Бұл бөлмелер жеке қолға толығымен өңделіп беріледі. Келетін кәсіпкерлер қаласа, өздеріне лайықтап жөндеу жүргізіп алады. Бір сөзбен айтқанда, спорт нысандары қаңырып бос тұрмауы керек. Оларда спорттық шаралардан басқа жыл он екі ай басқа да әр түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып тұрғаны жөн. Сондай-ақ оларда әр түрлі спорттық және мәдени үйірмелер, секциялар ашу керек», - деді Б.Байбек. Сонымен қатар қала басшысы қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 76 пайызға дейін орындалған 12 мың орындық Мұз сарайында болашақта әлемдік деңгейде мәдени шаралар өткізуге болатындығын жеткізді. «Осы нысанды салып жатқан «Базис-А» құрылыс компаниясы өз қаржысына, яғни 1,5 млрд теңгеге соңғы үлгіде жасалған замануи жарық-дыбыстық жабдықтарды, аппараттарды сатып алды. Демек, 12 мың орындық Мұз сарайында әлемдік деңгейде концерттік бағдарлама ұйымдастыруға болады. Ал онда отандық мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар осы Мұз сарайы аумағында салынып жатқан бассейнде тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көтеріп, түсіргіш қондырғылар орнатылады. Яғни, онда болашақта мүмкіндігі шектеулі жандар шомыла алады», - деді Б.Байбек.