Алматыда су бөгеті мен өзен маңына жақын орналасқан жер телімдері қайтарылып алынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурызбай ауданында «қызыл сызықтан» асып кеткен жер телімдері қайтарылып алынады. Қала билігі қапыда төнген селден кейін осындай ұйғарымға келген. Өйткені өзен маңы мен көл жағасына жақын жерлерге үй тұрғызуға мүлдем болмайды, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
None
None

Қарағайлыны жапырған лай көшкіні көптің мүлкін үйінді етті. Өткендегі сел 450-ге жуық үйге залал келтірген. Оның ішінде 9 баспана толығымен қирап қалған. Енді шұғыл құрылған комиссия баспаналардың тұруға жарамдылығын тексермек. Ол маңдағы заңсыз салынған баспаналарға қарамастан, әкімдік зардап шеккендерге қол ұшын созуға дайын. Лай көшкінінен зардап шеккендерге шаһар басшылығы 200 мың теңгеден үлестіріп бермек.

«Көптеген үйлер қалалық әкімдіктен қайта тіркеуден өтпеген. Олар осы уақытқа дейін Қарасай ауданында тіркеліп тұр. Заңға сәйкес, Алматыға көшкендер егер өз мүлкін әлі заңдастырмаған болса, оларға тиісті көмек көрсетіледі. Ал үйлерін заңсыз салғандардың жерлері Үкіметке қайтарылып алынады. Содан кейін бұл маң табиғатты қорғау аймағына айналады»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин.

Комиссия үйлерді тіркеу кезінде жүздеген нысанның заңсыз орналасқанын анықтапты. Болашақта оларға тиісті шара қолданылады. Сондай-ақ өзен арнасына жақын орналасқан 200-ге жуық үйге өтемақы төленген соң, мамандар «қызыл сызықты» қайта қалпына келтіру жұмыстарына кіріспек. Демек ондағы нысандардың көзі жойылып, өзеннің арнасы кеңейтіледі. Бұл осындай қауіпті аймақтардағы селдің қаупін сейілтуге септігін тигізбек.

«Сел қаупі бар аймақтарда тұратын саябақ тұрғындарына жыл сайын хабарлама жібереміз. Баспаналары жоғарғы және төменгі бөктерде орналасқан тұрғындар бұдан хабардар»,- деді «Қазселденқорғау» ММ Алматы аумақтық бөлімінің басшысы Талғат Тәжібаев.

Сонымен қатар тұрғындардың заңдастырылмаған мүліктері мен көліктерінің шығындары сақтандыруларына қарай төленеді. Ал келтірілген шығынның көлемі шамамен 20 күнде есептеліп бітпек. Заңсыз салынған баспаналардың мәселелерін комиссия әлі де талқылайтын болады.

Соңғы жаңалықтар