Алматыда Сыдық Мұхамеджановты еске алу кеші өтті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда өткен сенбі күні Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сыдық Мұхамеджановтың туғанына 85 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шараны ҚР халық әртісі Тұяқберді Шәмелов жетекшілік ететін Қазақтың Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ұйымдастырды. Оған жеке орындаушылардан ҚР Еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Бөкенов және халықаралық байқаулардың лауреаттары Жұпар Ғабдуллина, Жанар Ермағамбетова мен Қуанышбек Мұқанғалиев қатысты.

Сыдық Мұхамеджанов 1924 жылы қыркүйектің 5-інде Қарағанды облысы Шет ауданында дүниеге келіп, 1991 жылы 67 жасында Алматыда көз жұмды. Әйгілі сазгер ерен еңбегі үшін 1967 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1974 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 1990 жылы КСРО халық әртісі атағын алды. Сонымен қатар, әр жылдары «Октябрь революциясы», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды.

С.Мұхамеджанов Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясында оқып жүріп Қазақ радиосында музыкалық редактор болды, Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде қызмет етті. 1960-1961 жылдары Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, 1964-1968 жылдары Қазақ филармониясының директоры, 1969-1972 жылдары Қазақтың Абай атындағы академиялық опера және балет театрының директоры болды. Сазгер «Көктем вальсі», «Сырлы қайың», «Шолпаным», Тербеледі тың дала», «Жастар маршы» және тағы басқа да көптеген әндер мен романстар жазды. Сондай-ақ «Бекет» «Ақан сері - Ақтоқты» операларын, «Ғасырлар үні» ораториясын, «Дауыл» симфониясы және «Алдар көсе», «Ботакөз», «Рәбиға», «Беу, қыздар-ай», «Сәуле» қойылымдары мен «Ана мен бала», «Біз Жетісуданбыз», «Партизан қызы» кинофильмдеріне музыка жазды.

Соңғы жаңалықтар