Алматыда тұрғын үйдегі өрттен балалар мен мүгедек жан құтқарылды

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» нөміріне бүгін сағат 9.35-те Мұратбаев көшесі 135- үйден өрт шыққаны туралы ақпарат түскен.
«Бес қабатты үйдің алғашқы қабаты қатты түтіндеп жатқаны хабарланды. Өрт сөндірушілер 5 минуттан кейін оқиға орнында болды. Тұрғын үйдің кіре берісінің қатты түтіндеуіне байланысты өрт сөндірушілер өкпені түтіннен қорғау аппараты арқылы пәтерге кіріп, 5 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Оның 2-еуі - балалар. Пәтердің жатын бөлмесіндегі жиһаз өртенгені анықталды. Сонымен қатар, екінші қабатта түратын мүгедек тұрғын да құтқарылды», - деді ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймухамбетова.
Тілсіз жау сағат 9.44-те сөндіріліп, 09.46-да толығымен ауыздықталды. От жалыны бес шаршы метр аумақты шарпыған. Зардап шеккендер жоқ.