Алматыда ҰОС ардагерлері мен мүгедектерінің үйлеріне «ОҢАЙ» карталары апарылып берілуде
Бұл карта бойынша ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне Алматы қаласының қоғамдық көліктерінде жүру тегін болмақ. Бұл туралы бүгін «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС баспасөз қызметінен хабарлады.
Бүгін «Алматы қаласы көлік холдингі» ЖШС өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагері Қалан Нұрдәулетовті келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, оған ҰОС ардагерінің көлік картасын ұсынды.
«Қоғамдық көліктермен жүретін адам ретінде менің айтарым, бұрын айлық жол жүру билетін алу үшін маған ай сайын билеттің керек екендігін растап отыру керек болатын. Одан кейін билетті алу үшін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімшелеріне баруға мәжбүр боласың. Енді маған мерзімі шектеусіз картаны және сыйлық әкеліп берді. Мұндай жүйе өмір сүру сапасын және қоғамдық көліктің тиімділігін арттырады. Мен бұған өте қуаныштымын», - деді Қалан ақсақал.
Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегі бойынша шаһарда қазіргі таңда 758 ҰОС ардагері мен мүгедегі өмір сүреді. Олардың ішінде жол жүру билеттерін қолданатындардың саны - 172.
ҰОС ардагерлерінің картасы Алматы қаласында тұратын барлық ардагерлерге арнап жасалды.