Алматыда Ядролық зерттеу институтының реакторы төмен байытылған ядролық отынға көшірілді

Журналистерге берген сұхбатында Ядролық физика институтының бас директоры, профессор Саябек Сахиев бұл іс-шара Елбасының ядролық энергияны тек бейбіт мақсатта қолдану жөнінде өзінің «Әлем. XXI ғасыр» манифесіндегі ұстанымдарын жүзеге асырудың басты көрсеткіші екендігін айтты.
«Әлемде бүгінде пайдаланудан шығарылмаған 400-ге жуық ядролық зерттеу реакторлары бар. Ядролық қаруды таратпау бойынша бастамалардың шеңберінде барлық елдер оларды төмен байытылған уранды отынға көшіріп, сол арқылы өздерін қауіпсіздендіруге тырысуда, өйткені жоғары байытылған уран ядролық қаруды құруға пайдаланылуы мүмкін. Енді біздің нысан төмен байытылған уранға көшкендіктен ол лаңкестік тұрғыдан ешқандай қызығушылық туғызбайды. Өйткені, төмен байытылған уранмен ядролық қару жасау мүмкін емес. Оның технологиясы күрделі және өте қымбат», - деді С. Сахиев.
Жаңғыртылған реакторға арналған төмен байытылған ураны бар отын жинамалары Ядролық физика институтына «Росатом» Мемкорпорациясының «ТВЭЛ» отын компаниясы бөлімшесіне қарасты Новосибирск химконцентраттар зауытымен жеткізілетін болады. 1948 жылы құрылған НХКЗ ядролық реакторларға арналған отын өндірісінде көп жылдық тәжірибесі бар және бүгінгі таңда өз серіктестеріне ең озық және оңтайлы шешімдер ұсынатын кәсіпорын.
ҚР Энергетика министрлігіне қарасты Ядролық физика институтының ССР-Қ зерттеу ядролық реакторын жаңғырту үдерісінде басқару және қорғаныс, радиациялық бақылау жүйелері толығымен ауыстырылған. Сонымен қатар, суыту және үздіксіз энергиямен жабдықтаушы жүйелері жаңартылды. Осының барлығының нәтижесінде реактордың қауіпсіздігі және тиімділігі арта түсті.