Алматыда жаңа «Ұлт мұраты» газеті жарық көрді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда жаңа «Ұлт мұраты» қоғамдық-саяси газетінің тұсаукесер рәсімі өтті. Оған белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, белгілі журналистер қатысты.
None
None

«Ел мұраты - ұлт мұратынан бастау алады. Біздің мақсатымыз - ұлт мүддесіне қатысты мәселелерді басылым бетінде көтеріп, атқарушы билік пен халық арасында алтын көпір орнату. Әсіресе, сырт елдерден келген және әзірге дейін өзге елдерде өмір сүріп жатқан ағайын қандастарға қажетті ақпараттар, түйткілді мәселелер басылым бетінде жарық көріп отырады. Ұлт мұратының үлкен жүк екенін мен жақсы түсінемін. Осы мұраттың үдесінен шығу үшін, бар күш-қуатымды. сана-сезімімді, жүрегімдегі отан деп соққан ыстық жігерімді сарқа жұмсауға дайынмын. Жалпы, жақсы адам болу, жақсы маман болу, отанға қызмет етудің барлығы сайып келгенде ұлт мұраты секілді. Оның үстіне менің алға қойған мақсаттарымның «Қазақстан-2050» стратегиясымен үндесіп жатқандығы қайратыма қайрат, жігеріме жігер қосады», - деді «Ұлт мұраты» қоғамдық бірлестігінің президенті, аттас басылымның бас редакторы Құтмағамбет Қонысбай.

Сонымен қатар, газеттің бас редакторының айтуынша, енді аптасына бір рет шығып тұратын 12 беттік үлкен форматты жаңа басылым - ұлттық құндылықтарды, ұлттық бірлікті, қазақи болмысты, дәстүрді насихаттайтын тарихи-танымдық, қоғамдық-саяси газет болмақ. «Жахандану заманында қазақтың ұлт ретінде сақталып қалуына, ұтылмауына, ұлттық дәстүрлерінің сақталуына барынша күш саламыз. Өйткені, көне тарихы мыңдаған жылға созылатын бүгінгі қазақ халқы өзінің мықты салт-дәстүрлерінің, тілінің, ұлттық дүниетанымының арқасында өзінің ұлттық бітім-болмысын сақтап қалды. Сондықтан, газеттің басты ұраны: «Сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік» деп аталады» - деді Қ. Қонысбай.

Айта кетелік, газет бастапқыда 5000 данамен таралады деп күтілуде. Алғашқы саны ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, өткен 1 желтоқсан күні жарық көрді.

Соңғы жаңалықтар