Алматыда жапон-қазақ индустриалдық паркі ашылады

ТОКИО. ҚазАқпарат - Алматыда жапон-қазақ индустриалдық паркі ашылады. Бұл туралы қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Токио Роуп» компаниясының президенті Шигето Танака айтты.
None
None

«Қазақстан экономикасы тұрақты мемлекет саналады. Бұл жайт біздің зауытымызды Алматыда ашуға түрткі болды. Оның үстіне Қазақстан Үкіметі, Алматы әкімдігі біздің бұл зауытымызды ашуға жан-жақты қолдау көрсетуде. Қазіргі уақытта біз өзге елдерден көптеген тапсырыс  алдық.  Айта кетерлігі, зауыт Алматыдағы арнайы экономикалық аймақта орналаспайды. Біз қазақ серіктестерімізбен бірлесіп, оңтүстік астаналарыңызда жапон-қазақ индустриалдық паркін ашамыз. Онда біздің барлық өндіріс ошақтарымыз орналасады», - деді ол.

Оның айтуынша, зауыт Жапонның заманауи технологиялық құрал-жабдықтарымен жоғары сапалы өнім шығаратын болады. Алдағы уақытта зауыт өнімдері Ресей, Орталық Азия, алыс шет елдерде экспортқа шығарылады.

«Бұл - бірегей өндіріс ошағы. Әлемнің бірде-бір мемлекетінде мұндай зауыт жоқ. Баламасы тек Жапонияда ғана бар. Ал 4-тен 12 миллиметрге дейінгі темір торларды әлемде тек «Tokyo Rope Almaty» зауыты ғана шығарады. Алматы зауыты жабдықталған құрал-жабдықтар өзінің өндірістік қуаты, әлеуеті жағынан Жапониядағы балама зауыттан 5 есе асып түседі. Басқарылуы толықтай автоматтандырылған, интернет арқылы басқарылады. Сондықтан көп жұмыс орны құрылмайды», - деді Танака.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапары аясында «Токио Роуп» компаниясында болып, оның жұмысымен танысты. Сонымен қатар тікелей көпір арқылы Алматыда «Tokyo Rope Almaty» зауытын іске қосуға рұқсат берді.

Соңғы жаңалықтар