Алматыда «Жасөспірім» жедел-алдын алу шарасы барысында 471 жасөспірімнің әкімшілік құқық бұзғаны анықталды

Екі күнге созылған шара барысында Алматы полициясы балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде жүргені бойынша 12 деректі анықтады.
«Шараның басты мақсаты - ақша бопсалау деректерін анықтау және оған жол бермеу, атыс қаруларын, суық қаруларды, басқа да сақтауға, алып жүруге тыйым салынған заттарды тәркілеу, арақ ішетін, түнгі уақытта ойын-сауық мекемелеріне баратын және көшелерде ата-аналарынсыз жүретін жасөспірімдерді анықтау», - деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Лейла Әліпбаева.
«Жасөспірім» жедел-алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта далада заңды қамқоршыларының қарауынсыз жүргін жергілікті және басқа өңірлерден келген жасөспірімдерді анықтады. Барлығы - 55 адам Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді. Сондай-ақ, әр түрлі құқық бұзушылықтарға барған 526 жасөспірім Іші істер бөлімдеріне жеткізілді. Олардың ішінде - 471 жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттер жасаған. Балалары түнгі уақытта үйден тысқары жерде, ойын-сауық мекемелерінде жүргені үшін 138 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылып, оларға айыппұл салынды.
Сондай-ақ, жасөспрімдерге арақ-шарап және темекі өнімдерін сату бойынша 17 дерек анықталды. 38 кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен балалары бар 30 нашар отбасы есепке алынды. Бала тәрбиесі бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындамағаны үшін 212 ата-анаға қатысты әкімшілік материалдар сотқа жіберілді.
Бұлардан басқа, криминалдық полиция бөлімшелері, білім беру мекемелерінің өкілдерімен бірге, мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары арасында 386 құқықтық дәріс өткізілді.