Алматыда жол апатынан жапа шеккен 1 жастағы бала ауыр жағдайда жатыр
«Апат туралы хабарлама бүгін 10:26-да түскен. 9 адам жапа шекті. 8 адам медициналық жəрдемге жүгінді»,- деді Денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы Исабеков Нұржан.
Олардың 4-і қалалық ауруханаларға жатқызылды, үшеуі үйіне қайтарылды. Біреуі облыстық ауруханаға жеткізілді.
Оның айтуынша, 1 əйел жан сақтау шараларын жасау кезінде оқиға орнында қаза болса, екіншісі жедел жəрдем каретасында клиникалық өлім күйіне енген. Жапа шеккендердің арасында 1 жасар бала да бар.
«Баланың бас миы шайқалған. Ауыр жағдайда. Есін əлі жиған жоқ. Жан сақтау бөлімінде жатыр»,- деді 1 қалалық балалар ауруханасы бас дəрігерінің орынбасары Николай Дьяченко.
Айта кетейік, бүгін Алматыда Каменка шағын ауданындағы Гроза көшесінде ЗИЛ маркалі су таситын көлік аударылып, 2 адам қаза болды.
Оқиға куәгері Гроза көшесінің тұрғыны Нәкібай Кенжебековтің айтуынша, су таситын көліктің жүргізушісі көлікті басқара алмай автобусқа соғылған.
Содан көлік аударылып, жол шетінде тұрған адамдарды қағады. Салдарынан екі адам көз жұмған.
Соққыдан кейін су көлігі электр бағанын қиратып, BMW-ға соғылып бірақ тоқтаған.
Қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-тармағы бойынша сот алды тергеу жұмыстары басталды. Оқиға орнында Наурызбай аудандық ІІБ өкілдері жұмыс жасап жатыр.
Қажетті сараптамалар тағайындалды.