18:22, 31 Мамыр 2016 | GMT +5
Алматыда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған автобус жүргізушісі жұмыстан босатылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда жолаушы тасымалдаушы автобус жүргізушілерінің бірі жол қозғалысы ережесін өрескел түрде бұзды. Бұл туралы Фейсбук әлеуметтік желісін пайдаланушылардың бірі өз парақшасында тиісті бейнетаспаны жариялады. Онда автобустың қарсы жолаққа түсіп алып, үлкен жылдамдықпен бағдаршамның қызыл шамының жанғанына қарамастан жол қиылысынан өте шыққаны бейнеленген.

Бұл көрініс автокөліктің бейне-тіркегішіне жазып алынған.
«Қазір қаланы бір «жүргізуші» шарлап жүр. Ол жол қозғалысына қатысушыларға ғана емес, автобус ішіндегі жолаушыларға да қауіп төндіріп барады. Бұл бейнекөрініс бір сағат алдын ғана Тимириязев пен Гагарин көшелерінің қиылысында түсіріп алынды», - делінген бейнетаспаның жазбасында.
«Green Bus» ЖШС бұл оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«Бұл жүргізуші рейстен келген соң, жол қозғалысы ережісін өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылады», - деді «Green Bus Company» ЖШС директоры Бауыржан Құлышев.