Алматыда жыл соңына дейін 10 бірыңғай динамикалық ақпараттық навигациялық құрылғы орнатылады
Жаңа жүйені енгізу туралы бүгін Алматыда өткен «Дамудың инновациялық технологиялары» конференциясы барысында жоба авторлары айтты.
«Billboardvideo LED Engineering» ЖШС-ның директоры Жанат Мальбековтің айтуынша, мұндай жүйенің әлемде әлі баламасы жоқ. Тестілік үлгі жұмыс істеп тұрғалы бері қала тұрғындары көп ықылас білдіріп жатыр.
2 жыл аралығында 150 қондырғы орнату жоспарда бар.
«Әл-Фараби-Фурманов көшелерінің қиылысында тұрған лед-экран сияқты қондырғы өте ыңғайлы екендігін көрсетті. Әлеуметтік желілердегі елдің пікірін ескерсек, мұндай құрылғы өте керек. Мұндай экрандардың биіктігі 9 метрге дейін жетеді. Бірнеше секциядан тұрады. Онда көшедегі кептеліс туралы, қажетті жылдамдық деңгейі, жол белгілері, жолдың ашықтығы туралы жаңа ақпарат тұрады. Ол ақпарат белгілі бір уақыт жаңарып отырады. Сондай-ақ, құрылғыда дабыл нүктесі болады. Оны басу арқылы төбелес, төтенше жағдай кезінде қажетті қызмет өкілдеріне хабар беріледі», - деді ол.
Осы және өзге де ақпараттарды қорыту үшін бірыңғай ақпарат орталығы құрылады.
Мұндай ақпараттық таблоларды орнату құны әзірге белгісіз. Қаржының көбі жеке инвесторлардан тартылады. Ал қалалық бюджеттен тек сол қондырғыларды орнатуға қаржылай көмек қажет етіледі.
Жанат Мальбековтің айтуынша, жарнама компанияларының арқасында аталған жоба 3,5 жылдың ішінде өзін ақтап алады.
Қазіргі таңда қалалық әкімдік бұл жобаға үлкен қызығушылық танытып отыр. Мұндай жаңа жобаның 2017 жылы өтетін Универсиада қарсаңында өзектілігі бірнеше есе арта түсері сөзсіз.
Айта кету керек, бүгінгі өткен конференция барысында тағы 7 инновациялық жобаның тұсаукесері өтті. Оның ішінде жол қозғалысы және көлік қою ережелерін бұзудың автономды тіркеу құрылғылары, тау шаңғы бөктеріне арналған жабын, автокөлік ағынының баламалық әдісі, «Иннова» тұңғыш студенттік тележелі көпшілікке таныстырылды.