Алматыдағы аптап ыстықтан жедел жәрдемге хабарласушылар саны күрт артты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы ыстықтан жапа шегушілердің саны көбейіп барады. Күніне жедел жәрдем стансасына келіп түскен қоңыраулардың саны 2-2,5 мыңға дейін артқан. Оның ішінде күннің ыстығынан қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырған, басынан күн өткен адамдардың саны да өскен.
None
None

Әсіресе, аномальды ауа райынан жас балалар мен ересек адамдар жапа шегуде.

«Бұл жерде балалардың жағдайына ерекше мән беру керек. Балалар өздеріне жауап бере алмайды. Сол себептен ересектер қадағалауы керек. Басына қалпақтарын кигізіп, көлеңкеде ойнатып күн астында көп жүрмеуін бақылау қажет», - деді Медициналық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Нұржан Жәкешбаев.

Ауа райын болжаушылардың айтуынша, мұндай ыстық шілденің соңына дейін созылуы ықтимал.

«Ауа температурасының өте жоғары болуына байланысты республикамыздың оңтүстік аймақтарында ескертулер жарияланды. Кейбір жерлерде оңтүстік аудандар да ауа температурасы 40-45 градус шамасында ысиды деп болжануда. Фронтальді бөліктердің өзгеруіне байланысты республиканың кей жерлерінде шаңдақты дауылдар соғып, ми қайнатар қапырық ауа шіліңгір шілденің соңына дейін созылуы мүмкін», - деді «Казгидромет» РМК Алматы бөлімшесінің маманы Нұрлан Абайұлы. Айта кетейік, аптап ыстық табиғатқа да үлкен залалын тигізіп жатыр. Алматы қаласы мен облысында құрғақ шидің, шөптің өртенуі жиілеп кетті. Қалалық өрт сөндіру қызметінің мамандары күніне 6 рет өрт сөндіруге шығады.

Күннің қатты ысуы Алматы облысындағы мұздықтардың еруіне әкелуі мүмкін. Сондықтан, қалалық ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына тауға шығуды кейінге қалдыруға кеңес беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар