Алматыдағы халықаралық «EXPO-RUSSIA KAZAKHSTAN-2016» өнеркәсіптік көрмесіне 200-ге жуық компания қатысуда (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Көлік және логистика - ЕЭО елдерінің шағын және орта бизнес кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілік факторы» деп аталатын бесінші мерейтойлық Алматы бизнес-форумы аясында халықаралық «EXPO-RUSSIA KAZAKHSTAN-2016» өнеркәсіптік көрмесі ашылды.

Өз сөзінде Алматы сауда және инвестиция палатасының бас директоры Мұхтархан Бияров көрменің маңыздылығын атап өтті. 

«Бұл көрме осымен жетінші рет өткізіліп жатыр. Онда Ресей мен Қазақстанның тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған. Бұл форум және көрме Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдеріне өздеріне сенімді серіктестер табуға септігін тигізеді деген үміттемін», - деді  М. Бияров.

Өз кезегінде Ресей Федерациясының Қазақстандағы сауда өкілі Александр Яковлев көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығына ризашылығын білдірді және екі ел арасында сауда-экономикалық байланыстардың нығайып жатқандығын жеткізді. 

«Ресей мен Қазақстан арасында сауда-экономикалық, инвестициялық, өңіраралық қарым-қатынас қарқынды түрде дамып жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей өңірлері арасында ынтымақтастық туралы 300-ден астам келісім жасалған. Қазақстанға жыл сайын Ресейден 1,5 мыңнан астам кәсіпорын басшылары келіп кетеді. Бүгінгі таңда Қазақстан нарығында 70-тен астам көрмелер өтіп жатыр. Оларға қатысушылардың 30-40 пайызы - ресейлік компаниялар. Ал бүгінгі көрмеге 150-ден астам ресейлік компаниялар қатысуда. Көрменің сәтті өтуіне, көптеп келісімшарттардың жасалуына  тілектеспін», - деді  А. Яковлев.

Айта кетелік, көрмеде дәстүрлі, атом және балама энергетика, мұнайхимия және газ өнеркәсібі, машина жасау, көлік, медицина және фармакология, телекоммуникация және байланыс, ауыл шаруашылығы, жоғары және орта кәсіптік білім беру салаларындағы инновациялық әзірленімдер қойылған.

Көрме екі күнге созылады. Оны ұйымдастырушылар: Халықаралық бейбітшілік қорлары қауымдастығы, Алматы қаласының сауда және өнеркәсіп палатасы, Алматы қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, РФ Сыртқы істер министрлігі, РФ Қазақстандағы сауда өкілдігі, Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ.

null null null null null null null null null null 1 

Соңғы жаңалықтар