Алматыдағы үйлердің қауіпсіздік паспортын жасауда біз қатты кешігіп жатырмыз - Дариға Назарбаева

Дариға Назарбаева кәсіпкерлерге кедіргі жасамау мақсатында бірқатар бақылаулар шектелгенін және ол мәселеге қайтып оралудың қажеті жоқтығын айтты. Сенат депутаты дегенмен, құрылыс саласында техникалық бақылауды күшейту керектігіне тоқталды.
«Алматыдағы үйлердің жер сілкінісе төтеп беруін көрсететін қауіпсіздік паспорттарын жасау керек. Бұл мәселеде біз қатты кешігіп жатырмыз. Жалпы, біз кез келген саланы айтсақ та осындай мәселе алдымыздан шығады. Мысалы білім саласы, әлі күнге дейін қанша жаңа мектеп керек екенін білмейміз. Білсек те, оған қашан жөндеу жұмыстары керектігін анықтап отыратын, оның техникалық жағдайын реттейтін ортақ база жоқ. Аурухана ғимараттарына қатысты да ортақ жүйе жоқ», - деді Д.Назарбаева.
Айта кетейік, бүгін Алматы қаласындағы Төтенше жағдайлар департаментінің базасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті. Отырыста «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Заңын іске асыру мәселелері талқыланды.