Алматыға француздың әйгілі парфюмері Месье Жан-Пьер Гривори келді
Танымал суретші Сальводор Далидің атымен иіссуларды шығарушы бүгін Алматылық журналистермен кездесіп, атақты суретші мен өзінің өмірі, әйгілі брендтің қалыптасу жолдары жайлы баян етті.
Парфюмерлік бизнесте 1972 жылдан бастап жұмыс істеген Жан-Пьер Гривори 1976 жылы өзінің жеке ісін ашады. 1982 жылы басына ерекше ой келген ол, Сальвадор Далимен кездесіп, әйгілі суретші атымен иіссуларды шығаруға ұсыныс жасайды. 2 жыл өтпей-ақ Сальвадор Дали атын иеленген иіссулар әлемге тарала бастайды.. Содан бері суретшінің қатысуымен «Жаңа жыл», «Күн патшасы», «Раушан гүл басты әйел» серияларымен миллиондаған иіссулар шығарылған. Әйгілі Сальвадор Дали тек есімін беріп қана қоймай, иіссулардың жасалуына өзі қатысқан компания өнімдері барлық елде дерлік сатылады. Қазақстанда 2000 жылдан бері «Косметик груп Энтерпраизис» компаниясы арқылы сатылымда.
«Қазақстанға тұңғыш рет келуім. Мен Қазақстанды өзінің ұлттық ерекшелігі бар, жылдам даму үстіндегі мемлекет ретінде білемін. Оның үстінде Қазақстанда бизнестің дамуы мен алғаш ісімді бастаған жылдарды елестетеді. Сондықтан өзімнің тәжірибеммен де бөлісу - басты мақсатым. Өйткені менің шағын компаниям Сельвадор Далимен келісімшартқа отырып, оның атымен иіссулар шығара бастағаннан аты шығып, дами бастады. Осылайша мен өзімнің жеке тәсілімді қалыптастырдым. Бұл қазақстандық жас кәсіпкерлерге үлгі болады деп ойлаймын» деді әйгілі парфюмер бізбен әңгімесінде.
Жан-Пьер Гривори Алматыда ертеңге дейін болады.