Алматылық кәсіпкер түйе жүнінен киім тігуді жоспарлап отыр

Сәуле өз кәсібін Жамбыл облысында тон тігу цехында қатардағы жұмыскер болып бастаған. Ол кезде қазақы тонға сұраныс өте жоғары болған. Кейін Қытайдан арзан тауар келе бастағанда цех жабылып, Сәуле үш баласымен Алматыға келеді.
Алматыда ол әпкелерімен қосылып кішігірім ателье ашқан. Маңдай тер, қажырлы еңбектің арқасында олар «Бибіхан» брендін қалыптастырды.
2004 жылы мемлекет жер телімін берген. Бұл жер телімінде кәсіпкер болашақта цех салуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта ол «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының көмегімен жылдық өсімі 6% болатын 30 млн. теңге көлемінде несие алды.
«Алматыда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылғанын естіп, осында келдім. Мұнда қажетті заң, бухгалтерлік, салықтық кеңес алдым. Бизнес-жоспарым қабылданды. Енді ательемді кеңітіп, цех саламын. Біз 2 дизайнерді шақырдық. Іскерлік стильдегі киімдер тігуге басымдық береміз. Табиғи шикізаттан табиғи өнімнен тігеміз», - деді Сәуле Байтілесова.
Кәсіпкер қосымша 20 адамды жұмыспен қамтымақ.
«Қазақтың байтақ жерінің берері көп. Соны ебін тауып пайдалана білуіміз керек. Қазір Қазақстанда түйе жүні босқа өртеліп жатыр. Мен көрмелердің бірінде Моңғолиялық кәсіпкерлердің түйе жүнінен тіккен киімін көріп таң қалдым. Сондай байлықты далаға шашқанша елге де өзіме де пайдалы іс ашсам деп армандаймын», - деді ол.
Осы мақсатта ол Моңғолияға барып өндіріс жұмысымен танысып қайтпақшы.