Алматылықтар «Қоқыспен күресу» жобасы аясында тау бөктерлерінен 1,5 тоннаға жуық қоқыс жинады

Шараны ұйымдастырушы «Бауыржан» қайырымдылық қоры баспасөз қызметінің хабарлауынша, акцияның басты мақсаты - алматылықтарды тазалыққа шақыру және экологиялық мәдениетті дәріптеу.
«Қоқыспен күресу» жобасы Қазақстанның ең ірі мегаполистерінің бірі -Алматының таулы демалыс аймағында тазалықты сақтауға бағытталған. Ол 2016 жылдың сәуір айынан бастап, қараша айына дейін жалғасады.
«Қоқыспен күресу» жобасын жүзеге асыра отырып, біз адамдардың санасына қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін сіңіреміз», - деді осыған орай, аталмыш шараны ұйымдастыру алқасының мүшесі Бекнұр Қисықов.
Өз кезегінде Теле2 компаниясының коммерциялық директоры Алексей Ноздрин: «Халықты тазалыққа үндейтін бұл шара өте маңызды. Бүгін марафонға жастар қауымының көп жиналғаны ұйымдастырушыларды өте қуантты», - деді.
Ұйымдастырушылардың мәліметі бойынша «Қоқыспен күресу» шарасына 1300 белсенді алматылықтар қатысуға өтініш білдірген екен. Бірақ шараға 700-ден астам белсенді қала тұрғыны қатысты. Сонымен қатар, әрбір тіркелуші азамат «марафоншы» дәрежесіне ие болды.
Екі сағат ішінде марафоншылар Алматының тау бөктерлерінен 1478 килограмм қоқыс жинады. Ең нәтижелі марафоншы атағына 53-ші нөмірлі қатысушы Архат Үкібаев лайық деп танылды. Ол 56,5 кг қоқыс жинап үлгерді. Жеңімпаз ең басты сыйлық - Бурабай демалыс орнына екі адамдық жолдаманы ұтып алды.
«Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, ең көп қоқыс жинағаныма өте қуаныштымын» - деді ол.
Екінші үздік дәрежелі марафоншы - Данил Шанин қомақты сый - тау велосипедіне ие болды. Ол 53,75 келі қоқыс жинаған. Ал, Go-Pro камерасы үшінші орын алған Дамир Қаратаев есімді марафоншыға бұйырды. Ол 52,4 кг қоқыс жинап үлгеріпті.
Ең жас марафоншы атағы 59-шы нөмірлі жеті жасар Әлтайыр Қатыжан есімді кішкентай алматылыққа берілсе, ең жасы үлкен марафоншы ретінде Гроз Бриджит есімді 59 жастағы шетелдік азаматша танылды.
Ең алғаш «Қоқыспен күресу» акциясы 2015 жылдың күзінде өткен болатын. Шара барысында бір маусым ішінде Алмаарасан мен Бутаков шатқалдарында 6 мыңнаң астам демалушы 17 тоннаға жуық қоқыс жинаған.
Ұйымдастырушылар аталмыш акцияны жыл сайын өткізуді көздеп отыр. Акция сәуір айы мен қараша айлары аралығында әр жексенбі сайын Алмаарасан мен Бутаков шатқалдарында өткізіледі.
Айта кетелік, мамандардың сараптамасы бойынша, Іле-Алатау табиғат қорғау саябағында қоқыстардың 90 пайызын қазақстандық демалушылар қалдырады. Жыл сайын ұлттық саябақтан 5000 текшеметрге жуық, ал аптасына 30 тонна қоқыс шығарылады. Жыл сайын Алматының таулы аймағында орта есеппен 200 мыңға тарта адам демалады.