Алматының 2012 жылғы бюджеті 4 млрд. теңгеге ұлғайды
Дауыс берудің нәтижесі бойынша қала бюджетінің көлемі 4 млрд. 401 млн. 046 мың теңгеге ұлғайды. Оның ішінде 4 млрд. 135 млн. 046 мың теңге салықтық түсімдердің өсуі есебінен, ал 266 млн. теңге «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген трансферттерден түскен. Бұл қаражат мектептердің, балабақшалардың, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базаларын жақсартуға, қаланы қардан тазалау үшін арнайы техника алуға, Алматы қаласындағы Мәдениет жылының түрлі мәдени шараларын өткізуге жұмсалатын болады.
Осылайша, 2012 жылғы қала бюджетінің жалпы сомасы - 354 млрд. 178 млн. 473,8 мың теңгені құрады.
Сондай-ақ депутаттар Алматы қаласында ит пен мысық ұстаудың ережелерін қабылдады. Жаңа құжат бойынша қожайындары оларды міндетті тіркеуден өткізулері тиіс. Ит пен мысық қожайындарының жауапкершілігі, оларды сату, кіргізу, шығару және тасымалдау ережелері белгіленетін болады.
V шақырылдымның IX сессиясын қорытындылаған қала әкімі Ахметжан Есімов жалпы мегаполисте тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімнің қалыптасқанын атап өтті. Экономика, өнеркәсіп, көлік, байланыс, шағын және орта бизнес салаларындағы жоғары көрсеткіштердің арқасында жұмыссыздық деңгейі азайып, салық түсімі артты.
«Өткен жылмен салыстырғанда біз салықты 100 млрд. теңгеге көп жинадық. Егер республикада жоспардың орындалмайтындығын ескерсек, бұл өте жақсы көрсеткіш. Бюджетті игеруде біздің пайыздық көрсеткіштеріміз жоғары, алдымызға қойған бағдарламаларды жүзеге асырып келеміз. Әрине, олқылықтар да жоқ емес, біз ол жөнінде қаланың 9 ай ішіндегі әлеуметтік- экономикалық дамуы мәселесі қаралатын ертеңгі жиында кеңінен талқылайтын боламыз», - деді А. Есімов.