16:54, 11 Шілде 2013 | GMT +5
Алматының 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқын жеңіп алуға барлық мүмкіндігі бар - ҰОК
АЛМАТЫ. 11 шілде. ҚазАқпарат - Алматының 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқын жеңіп алуға барлық мүмкіндігі бар. Бұл туралы ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Павел Новиков бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.
«2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге ұсыныстар қабылдау 14 қараша күні аяқталады. Қазақстан қысқы олимпиада ойындарын өткізуге бұған дейін 2 рет әрекет жасап, ол әртүрлі кезеңде аяқталған болатын. Бұл жолы бізде мүмкіндік мол», - дейді П. Новиков. Оның айтуынша, 2015 жылы 31 маусымда Куала-Лумпурде өтетін Олимпиадалық комитеттің сессиясында сайлау арқылы 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер қала анықталады. Қазақстан бұл шараға 2010 жылы өткен 7-қысқы Азия ойындары мен 2017 жылы болатын қысқы Универсиада ойындары арқылы кезең-кезеңімен қадам жасауда. Елімізде болған сапарларында түрлі халықаралық спорт федерацияларының басшылары да Алматының әлеуетіне өте жоғары баға беруде.