АЛТЫ АЛАШТЫҢ ҚОРЖЫНЫНДА 6 «АЛТЫН»! - Олимпаиада-2012 тоғызыншы күнінің қорытындылары

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Лондон Олимпиадасында өзінің тарихында бұрын-соңды қол жеткізіп көрмеген керемет асуларды бағындыруда.
None
None

Тоғыз күннің ішінде 6 алтын медаль ұтып алған отандық спортшылар адуынды спорт державаларын шаң қаптырды. Германия, Ресей, Жапония, Канада, Голландия, Дания мемлекеттері Қазақстан жеткен биіктерге қызыға қарап, тек таза жеңістерге қол жеткізіп жүрген спортшыларымызға таңдай қағуда. Кеше ғана Винокуров, Чиншанло, Манеза, Подобедова мен Ильиннің «алтын» алқасын тойлаған халқымыз, 6 тамызда тағы бір жарқын жеңістің дәмін татты.

Бұл жолы Лондон Олимпиадасында үш секіріп қарғудан жарыс жолына шыққан спортшымыз Ольга Рыпакова алдына жан салмады. Қазақстан қоржынында 6-шы "алтын", Ольга Рыпакова - Олимпиада чемпионы атанды.

Жарыс жолына шыққан біздің спортшы үш секіріп қарғудың үшінші мүмкіндігінде 14,98 метрге секіріп, бірінші орынға шықты. Ал соңғы 3 мүмкіншілікте шыққан 8 қарсыластың ешқайсысы да Ольганың нәтижесін қайталай алмай, жерлесіміздің мықтылығына мойынсұнды.

Айта кетейік, Ольга Рыпакова ағымдағы жылы  Нью-Йоркте өткен «Брилиантты лиганың» алтыншы кезеңінде бірінші талпыныстан-ақ 14,71 метрге секіріп, рекорд  жаңартып, алтын медаль иеленген болатын. Сонымен қатар Ольга осы лиганың  Дохада өткен бастапқы кезеңінде де 14,33 метр нәтижемен «алтын» олжалаған-ды.

Алтыншы «алтыннан» кейін жалпы командалық есепте Қазақстан 1 сатыға көтеріліп, 7-ші орынға тұрақтады.

6          Italy                   6          5          3          14

7          Kazakhstan      6          0          0          6

8          Germany          5          10        7          22

Айта кетейік, Олимпиаданың бірінші "алтынын" велошабандоз Александр Винокуров салған болатын. Оның жеңісті жолын зілтеміршілеріміз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Илья Ильин, жеңіл атлет Ольга Рыпакова жалғастырды.

Жалпы командалық есепте 30 алтын медаль иеленген Қытай көш бастап тұр. Екінші орында АҚШ құрамасы, бұл елде 27 алтын бар. Ал үштікті 16 алтын медальмен Ұлыбритания тұйықтауда.

Келесі кезек апайтөс балуандарда.  Қазақ күресшілері Лондон төрінде Олимпиада жүлдесі үшін жарыс жолдарын бастайды. Бүгін үш балуанымыз боз кілемде белдесетін болады. Олар: Алмат Кебісбаев, Даниял Гаджиев, Нұрмахан Тінәлиев. 60 келі салмақ санатында тұманды Албион елінің боз кілеміне Алмат Кебісбаев шығады.

Сонымен қатар қатарларынан шашау шығармай келе жатқан гүрзі жұдырық боксшыларымыз да шаршы алаңда жасындай жарқырамақ. Ширек финалда 75 келіге дейінгі салмақта Марина Вольнова, Ғани Жайлауов (60 келі), Иван Дычко (+91 келі) өнер көрсетіп, жүлдеге таласатын болады.

Жеңілістің ащы дәмін кешегі жарыс күнінде 50 метрден шағын калибрлі тапаншамен нысана көздеуде Вячеслав Подлесный, боксшы Саида Хасенова, синхроншылар Әйгерім Жексембинова мен Анна Кулькина, 400 метрге кедергімен жүгіруде қазақстандық жеңіл атлет Татьяна Азарова, 2011 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері грек-рим күресінің шебері Асхат Ділмұхамедов сынды спортшылар татты. Олардың барлығы да Лондон Олимпиадасының алғашқы іріктеу сындарында сүрініп, жүлдеден күдер үзді.

Ал Олимпиада ойындарында 75 келі салмақ санатында Қазақ елінің атынан шаршы алаңға көтерілген боксшы Марина Вольнова келесі айналымға өте алды. Ол 1/16 финалда кениялық  Элизабет Андиегоны 20:11 есебімен айқын басымдықпен ұтты. Айта кетейік, 1989 жылы шілдеде Қызылорда облысының Қазалы қаласында дүниеге келген Марина бокспен 6 жасынан бастап айналысады. Осы уақытқа дейін зор жетістіктерге де жетті. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Бокстан еліміздің төрт дүркін чемпионы, 2010 жылы Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Осымен тоғызыншы күнін тағы бір «алтынмен» тәмамдаған Қазақстан айдай Әлемге өзінің мықтылығын дәлелдеді. Алтыншы рет Лондон аспанында шалқыған Қазақстан Әнұраны ағылшындықтардың жадында жатталып қалатындай жағдайға жетті.

Күдер үзбейтін болсақ, отандық боксшылар мен балуандарымыз елімізге тағы бірнеше «алтын» жүлде сыйлауға құлықты. Барша Қазақ елінің тілеп отырғаны да сол! Винокуров бастап берген «алтынды» жол ұзағынан болсын!

Соңғы жаңалықтар