Алты айда қызылордалық жасөспірімдер өз беттерінше - 72, ересектердің қатысуымен 97 қылмыс жасады

ҚЫЗЫЛОРДА. 9 шілде. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы прокуратурасы жанындағы Қоғамдық кеңес кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және олардың арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесін талқылады.
None
None

Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Манат Шаймерденова хабарлады.

Күн тәртібіндегі мәселеге орай «Ұмай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Ізден, «Бастамаларды қорғау» қоғамдық ұйымының жетекшісі Мәдина Төлепова, «Туған жер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Құрманай Ерімбетова, «Чернобыль» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанат Әліқұлова, «Көкжиек» қоғамдық қорының төрайымы Аймен Тұрбаева, «Батыр ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рая Бәкірова облыста кейінгі кездері педофилдік әрекеттер мен балалар суицидінің белең алып отырғанын айтып, бұған жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдарының мән берулерін сұрады. Олар сондай-ақ қаладағы ойын автоматтарының жұмысын тоқтату, ішкі істер органдары жүргізетін түрлі рейдтер жұмысына қоғамдық ұйымдар мүшелерін тарту жөнінде ұсыныстар білдірді.

Кеңесті жүргізуші облыс прокурорының орынбасары Руслан Райханов үстіміздегі жылдың бірінші жартысында кәмелетке толмағандар қылмыстары 28,7 пайызға төмендегенін сөз етті. 2012 жылы ішкі істер органдары тәртіп бұзушылық жасаған 3 мыңнан астам жасөспірімді анықтап, осыған байланысты 2600-ден аса жасөспірімге және 168 ата-анаға әкімшілік шаралар қарастырылды. Бұдан бөлек, 233 кәмелетке толмаған жеткіншек бейімдеу орталығына жолданды. Ал биылғы жылдың алғашқы жартысында 2145 жасөспірім құқық бұзушылыққа жол беріпті. Осыған байланысты 1932 жасөспірім мен 60 ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Тағы 146 жас бейімдеу орталығына жолданды.

2013 жылдың алты айында кәмелетке толмағандар 72 қылмысты өз беттерінше, 97 қылмысты ересектердің араласуымен жасаған. Талдаулар олардың негізінен түнгі мезгілде бақылаусыз болуынан жасалатындарын да анықтады. Кәмелетке толмаған балалардың қылмыстарға ұрынуларына спирттік өнімдердің ашық сатылуы да аз әсер етпейтін болып шықты.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ағымдағы жылдың алты айында облыс аумағында кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған 151 факті тіркеліп, ол жалпы тіркелген қылмыстың 2,4 пайызын құраса, осы санаттағы қылмыстар өткен жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға өскен.

Қазір облыста жасөспірімдерге қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында оқу орындарында оқушылар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, мектеп инспекторлары білім саласының қызметкерлерімен бірлесіп, түнгі мезгілде ата-анасының немесе заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз үй-жайдан тыс жерлерде жүрмеу, кешкі уақытта бағалы заттар мен қымбат ұялы телефондарын көрсетіп жүрмеу жөнінде кездесулер мен ата-аналар жиналыстары өткізілген. Қылмыстардың орын алу себептері терең талдана отырып, полицияның кешенді күштері біріккен шоғырландыру жоспарына сәйкес патрульді аймақтардың бағыттарына қажетті өзгерістер енгізіліп, осының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстардың жиі орын алатын жерлеріне полиция қызметкерлері жақындатылды.

Аймақта кәмелетке толмағандар жасайтын қылмыстар мен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бала тәрбиесіне қатысты органдармен бірлесе отырып, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралары және «Жасөспірім-Заң-Қауіпсіздік» атты кең көлемді акция өткізілді. Оларға 23 колледжден 1100 студент, 205 орта мектептен 4398 оқушы, ішкі істер органдарында есепте тұрған 183 жасөспірім мен 231 қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар қатыстырылды. Сонымен қатар, жазғы демалыс кезінде облыс орталығындағы кәмелетке толмағандар арасындағы топтасқан құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу және олардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында іс-шаралар жоспары жасалып, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Прокуратура органдары үстіміздегі жылдың 1-жартыжылдығында кәмелетке толмағандар туралы заңнамалардың сақталуы бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде 3238 заң бұзушылықты анықтап, енгізген прокурорлық ықпал ету актілері негізінде 371 тұлғаға тәртіптік, 157 тұлғаға әкімшілік жазалар қарастырылды. Осыған орай 1683 кәмелетке толмағандардың конституциялық құқықтары қорғалды.

«Облыстық прокуратура үнемі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстылық жағдайын, олардың ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланыстарын, жасөспірімдердің жазғы демалысы ұйымдастырылуы жайын бақылауда ұстап отырады», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар