«Алтын сапа» сыйлығының иегерлері өз тәжірибелерімен бөлісуге міндетті - А. Әбдірахманов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көп ұзамай Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі өтеді. Байқаудың негізі қаланғалы сегіз жылдың ішінде ол көптеген айқын нәтижелерді көрсетті, алайда Қазақстанның сапа және инновациялық менеджмент ұйымының президенті Азат Әбдірахмановтың пікірінше, байқауды ұйымдастырушыларға да, оған қатысушылар мен БАҚ-қа да халықаралық тәжірибеге ілесу үшін жетілдіруді қажет ететін жұмыстар баршылық.
None
None

- Қазақстанның сапа және инновациялық менеджмент ұйымының біздің елге сапаның халықаралық стандарттарын енгізуді дамыту саласындағы орны қандай?

- Қазақстанның сапа және инновациялық менеджмент ұйымы - бұл біздің елге халықаралық ISO стандарттарын енгізу мен сапа менеджменті саласындағы жұмыстарды үйлестіру үшін 2002 жылы құрылған қоғамдық ұйым. Біз халықаралық сапа стандарттарын енгізу саласында кәсіпорындарға, ұйымдар мен мамандарға әдістемелік және ұйымдастырушылық көмегін көрсетеміз. Менің өзім осы мәселелермен Қазақстанда 20 жылға жуық айналысып келемін.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміз шетелге экспортталатын отандық өнімдерге қатысты олардың кемсітілуіне тап болды. Бізде өнімдердің сапасын растайтын сертификаттар болмады, сәйкесінше біздің тауарларымыз шекарадан тыс жерде әлдеқайда төмен бағаларға сатылды. Қазақстанда біртіндеп менеджменттің халықаралық стандарттарын енгізуді қолға ала бастадық. Бірінші кезекте ол металлургия, машина жасау, мұнай және газ, білім беру, денсаулық сақтау және сақтандыру салаларына қатысты болды. 2002 жылға қарай халықаралық сапа стандарттарын енгізуден біздің елде жинақталған тәжірибені қорытып, сараптау қажеттігі белгілі болды. Біздің міндетіміз, бір жағынан, шетелдік тәжірибені үйрену болса, екінші жағынан үздік отандық тәжірибені жинақтау болды. 2002 жылдан бері біз Қазақстанның алдыңғы қатарлы кәсіпорындары өкілдері мен сапа саласындағы халықаралық сарапшылардың қатысуымен халықаралық конференциялар өткізіп келеміз. Сонымен бірге, біз халықаралық сапа стандарттарын енгізудің нақты аспектілеріне бағытталған шеберлік сабақтарын да өткізудеміз. Жекелей алғанда, олар менеджмент сапасы жүйесінің стандарттары, экология, өндірістік қауіпсіздік және т.б. қатысты. 2007 жылдан бері біз сапа менеджментінің Еуропалық қорымен ынтымақтастықтамыз. Бұл жерде мүлтіксіз өнім үшін Еуропа марапаты туралы сөз болып отыр.

- ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы байқауы не үшін қажет?

-2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» және Қазақстанның үздік тауары сыйлықтары бекітілді. «Алтын сапа» байқауының негізіне 2003 жылғы сапаға байланысты Еуропалық сыйлықтың моделі алынды. Аталған модель әр үш жылда жаңарып отырады, сол себепті «Алтын сапа» байқауының талаптары да жүйелі түрде еуропалық мүлтіксіздіктің моделімен үйлестірілуі тиіс. Сарапшы топтың құрамына министрліктер, ведомстволар, кәсіподақтар, бизнес-қауымдастықтар өкілдері кіреді. Олардың стандарттау және сапа менеджменті процестерін жеткілікті түсінбей байқауға қатысушыларға бизнес тұрғысынан қарауы түсінікті. Үш жылдан бері мен осы байқаудың тәуелсіз сарапшысымын. Сол себепті осы мәселелерді көтеруді өзімнің міндетім деп санаймын. Өткен жылы «Алтын сапа» моделін «Еуропалық мүлтіксіздік» моделімен үйлестіру шешімі қабылданды. Не үшін? - Біріншіден, егер «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпаздары осымен тоқтамай, өнімдерінің халықаралық танылуын қаласа, олар заманауи еуропалық модель шарттарына сай болуы керек. Екіншіден, шетелдік әріптестердің қазақстандық компанияларға деген қарым-қатынасы әлдеқайда жоғары құрметке ие болады. Талаптардың үйлестірілуі қазақстандық кәсіпорындарға еуропалық марапат пен ТМД елдерінің марапаты байқауына қатысуға көмектеседі.

- «Алтын сапа»: кәсіпкерлердің байқауға деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?

- 2006 жылдан 2014 жылға дейін байқауда ондаған жеңімпаз компаниялар ұтты. Бірақ бұл компаниялардың бірде-бірі де ресми еуропалық байқаулардың жеңімпазы бола алмады. Бұл жерде ойланатын мәселе бар. Оның үстіне ҚР Президентінің Жолдауы мен «Қазақстан-2050» даму стратегиясына сәйкес, біздің мемлекетіміз халықаралық экономикалық кеңістікке ықпалдасуы керек. Яғни, біздің компаниялар халықаралық нарыққа шығып, сол жерде бәсекелес болуы тиіс. Бұл жерде шикізат компаняилары ғана ерекшеленіп отыр. Уран, хром, алтын мен мұнай өндіруде бізге бәсеке болатындар жоқ. Бірақ егер өнеркәсіп өнімдері туралы айтатын болсақ, мақтанарлық ештеңе жоқ.

Иә, көптеген кәсіпорындар халықаралық сапа стандарттарын енгізуде, алайда ол кәсіпорындардың 10-15 пайызы ғана оларда бұл жүйенің жұмыс істейтінін айта алады. Мамандардың деректері бойынша, компаниялардың 85 пайызында кәсіби емес және формалды енгізу есебінен,сондай-ақ осы стандарттарды енгізудің түйінін ұйымдардың түсінбеуінен жүйе нәтижелі жұмыс істемейді. Біз бұл туралы сөз қозғамауымызға болады, алайда ол біздің экономикамызға пайда әкеле ме, сонда ол жаңа деңгейге шыға ала ма?

«Алтын сапа» - аса маңызды және қажетті іс. Егер біз байқаудың мүмкін деген оң жақтарын шығармасақ, онда шетелдік тәжірибені қолданбаймыз дегеннің белгісі. Бұл сын емес, бұл байқауды одан да жақсы әрі пайдалы ете түсу.

Кәсіпорындар тарапынан қарағанда

Біздің елде үздік кәсіпорындар бар екені сөзсіз белгілі. Алайда біз олардың тәжірибесін жеткілікті насихаттап отырған жоқпыз. Қалған кәсіпорындар сала көшбасшыларының қандай көрсеткішпен байқауда жеңіске жеткенін түсінулері керек. Олар Қазақстанның үздік тауарын анықтау үшін қандай көрсеткіштердің маңызды екенін нақты түсінулері керек. Тәжірибе алмасу үшін жеңіске жеткен кәсіпорындардың базасында «Ашық есік күндері» сияқты түрлі шараларды өткізсе жақсы болар еді. Өкінішке қарай, оның орнына біздің көретініміз, байқау жеңімпаздары өздерімен-өздері болып алады: оған біздің менталитетіміз де себеп шығар. Меніңше, ол компанияларға өз тәжірибесімен бөлісуді міндеттеу қажет. Біз жеңімпаз кәсіпорындарға олардың байқауға қатысу тәжірибесін жалпыландыру үшін, олармен жаңа, халықаралық деңгейге шығу үшін жұмыс істеуге шақыратын хаттар жолдаймыз. Өкінішке қарай, кәсіпорындар бұл бағытта бірігіп жұмыс жүргізгісі келмейді.

БАҚ тұрғысынан қарағанда

Сонымен бірге бұл оқиғаны БАҚ-та жеткілікті түрде жақсылап жарияламайды. Меніңше, «Алтын сапа» байқауының жеңімпаздары туралы материалдарды тегін жариялап, патриоттық миссияны да орындаулары керек. Сол кезде компаниялар мен тұтынушылар байқау жеңімпаздарының жетістіктері туралы жақсырақ біліп, жеңімпаздарға ұқсағысы келеді.

Ұйымдастырушылар тұрғысынан қарағанда

Байқауға қатысудан кәсіпорындар бизнесті дамыту мен көшбасшылықтың сабақтарын алулары керек, сол себепті аймақтық деңгейдің қорытындысы бойынша облыстық байқау комиссиясы барлық қатысушыларға неліктен осы немесе басқа компанияның жеңіске жете алмағанын түсіндіретін тиісті сараптама мен ақпарат жолдауы керек. Ол үшін байқау комиссияларына сапа саласындағы сарапшылар мен мамандар тартылуы керек. Сондай жағдайларда ғана компаниялар дұрыс шешім шығарып, өз қателіктерімен жұмыс істейді.

«Алтын сапа» байқауы кәсіпорындар онда жеңіске жетпесе де, олардың мектебіне айналуы керек. Адамдар не үшін марафонға қатысады, тіпті саптың ортасында немесе соңында жүрсе де? - Адам өзін жүзеге асыру арқылы өзінің мүмкіндіктерін анықтайды. «Алтын сапа» байқауы да сондай марафонға айналуы керек.

Бізге «Алтын сапаның» негізінде жатқан «дәнді» дамытып, бизнес пен тұтынушыларда байқаудың пайдасы мен дұрыстығына қатысты күмән болмас үшін аудандардан бастап байқауға іріктеудің әділ өтуіне баса көңіәл бөлу қажет.

Қорытындылай келгенде

«Алтын сапа» жеңімпазы атану үшін өндірістің жоғары өнімінің көлемін көрсету жеткіліксіз, кәсіпорын көрсеткіштерін әртүрлі бағыттар бойынша таныстыру керек: сапа көрсеткіштері, тұтынушылардың көңілінен шығатыны туралы мәліметтер, бизнесті дамытудың үрдістері, инновациялар, даму стратегиясы, ресурстарды сақтау, кадр саясаты, қоғамды дамыту үшін әлеуметтік бағдарламалар, қоршаған ортаны қорғау бойынша шаралар және басқалары.

Егер біз Еуропаға тең құқылы әріптестер ретінде шыққымыз келсе, біз өзімізді сол салаларда жұмыс істейтін еуропалық компаниялармен салыстыруымыз керек. Бірақ әзірге біздің бәсекеге қабілеттілігіміз төмен болып тұр. Біз импортқа тәуелдіміз. Сондықтан бізге шикізаттық емес өндіріс салаларын дамыту керек: ғылыми технологиялар өндірісін пайдалана отырып, өз жиһазымызды, киім-кешектерімізді шығарып, «Алтын сапа» байқауын дамытуымыз керек. Себебі, онда кәсіпорындар сапаның еуропалық стандарттарының енгізілуін таныстырып, өз жетістіктерін тек ел аумағындағы үздік кәсіпорындармен ғана емес, сонымен бірге еуропалық әріптестерімен десалыстыру мүмкіндігіне ие болады.

Соңғы жаңалықтар