Алысты жақын ету Елбасы Жолдауының ең басты түйіні - Х.Маусымбеков

Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты биылғы Жолдауына қатысты өз пікірін «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ қарасты «Алматы жол бөлімі» бастығының бірінші орынбасары Халдихан Жолдыахметұлы Маусымбеков ҚазАқпарат тілшісіне осылай жеткізді. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» - ол егеменді елдің жолы, болашақтың жолы. «Елбасымыз экономиканы арттыру арқылы әлемдегі озық 30 мемлекеттің қатарына кіру мақсатында халықты білім мен еңбекке шақырған тағы да бір Стратегиялық жоспарды нақтылап берді. Биылғы Жолдаудың негізгі өзгерісі - әлеуметтік дамуда жаңа экономикалық саясаттың жариялануы. Осыған сәйкес, Елбасы өз Жолдауында елдің шығысында логистикалық хабты және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткелі мен «Боржақты-Ерсай» теміржол желісі ықпал ететін болады. Елбасымыз ел экономикасының негізгі күші - көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту екендігін, ол үшін Қытайдың, Иранның, Ресейдің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдар салу керектігін атап көрсетті», - деді Х.Маусымбеков. Сондай-ақ Халдихан Жолдыахметұлы Жолдау талаптарын теміржолшылар қауымы, оның ішінде Алматы жол бөлімшесінің қызметкерлері де қарқынды іс-әрекеттерімен қолдап-қуаттап, өз кәсіптеріне адалдығын дәлелдей отырып, жүк және жолаушылар тасымалдауда ел басшылығының тапсырмаларын табысты орындап жатқандығын жеткізді. «Еліміздегі индустрияландыру үдерісіне сүбелі үлес қосқан Ұлттық компанияның инвестициялық портфелін 14-тен астам инновациялық жоба құрайды. Олар аты әлемге әйгілі машинажасау компанияларымен бірлесе жүзеге асырылуда. Темір жол тарихында және Қазақ елінің тарихында алтын әріптермен жазылатын стратегиялық маңызы зор екі ірі жоба - «Жетіген-Қорғас» және «Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара» жаңа темір жол желілері қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылды. Қызылорда, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарын басып өтетін жалпы ұзындығы 1200 шақырымды қамтитын жаңадан екі бірдей Жезқазған-Бейнеу, Арқалық- Шұбаркөл темір жол тармағы іске қосылып жатыр. Бұл жол еліміздің Шығысы мен Батысын тікелей байланыстыратын болады. Құрылыс жұмысы 2015 жылы аяқталады. Жолдың бойында көптеген стансалар пайда болып, мыңдаған адамдар жұмыспен қамтылады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға, шығыста Ляньюньган арқылы Тынық мұхитқа шығуға мүмкіндік береді» - деді Х.Маусымбеков. Сонымен қатар Халдихан Жолдыахметұлының айтуынша, Жолдау талаптары аясында болашақта Алматы қаласы мен Алматы облысында ірі жобалар жүеге асырылады. «Теміржол саласында транзиттік тасымалдаудың артуына байланысты Алматы жол бөлімшесі арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі де ұлғайып келеді. Сол себептен транзиттік пойыздардың тікелей өтуі үшін Қазыбек-Жетіген айналма теміржол желісінің құрылысы салынады. Сондай-ақ Алматы-1-Алматы-2 теміржол стансалары арасындағы жолаушы пойыздары үшін қосымша теміржол желісі тартылады. Осы орайда, Алматы-2 стансасы жанында «Тальго» жолаушылар пойыздары үшін техникалық қызмет жасау базасының құрылатындығын да атап өткен жөн» - деді ол. Сөз соңында «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ қарасты «Алматы жол бөлімі» бастығының бірінші орынбасары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасының жүзеге асырылып жатқандығын айтты. «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қазақстанның халық банкі» АҚ арасында қол қойылған меморандумға сәйкес, компания қызметкерлері төмендетілген пайыздық мөлшермен баспана сатып ала алады. Елбасының Жолдауда көрсеткен тапсырмалары болашаққа жол сілтейтін бағдарлама. Біз үшін ендігі бағындырар биік белес - отандық көлік жүйесін ары қарай өркендету» - деді Х.Маусымбеков.