Әмбебап конституция моделі ешбір елде жоқ - Қазақстандағы Өзбекстан Елшісі

«Конституция кез келген ұлттық, құқықтық жүйеде іргелі және алғашқы кезекте жасалатын №1 заң. Әрбір елдің коституциясы тек өзіне арналған. Сондықтан барлық мемлекетке сәйкес келетін әмбебап модель болмайды. Әр елдің конституцияда өз жолы бар. Өзбекстан бұрынғы кеңестік республикалар арасында ең бірінші болып өз Конституциясын жасап, 1992 жылы қабылдаған мемлекет», - дейді Ә. Салахитдинов. Оның айтуынша, Өзбекстан Конституциясы көп ғасырлық ұлттық-құқықтық мұра, адам құқығы жөніндегі халықаралық стандарттар мен шетелдік конституциялық тәжірибе көздері бойынша жасалды. Өзбек Парламентінде арнайы құрылған комиссияда оның жобасы 2 жыл бойы әзірленді. Оның ұйымдастырушы, дем берушісі және негізгі авторы Өзбекстан Президенті Ислам Каримов болды. Сол себепті шетелдік ғалымдар мен сарапшылар оны «Каримов Конституциясы» деп атайды. Бұл тәжірибе өзге елдерде де бар. Мәселен Франция Констиуциясы «Де Голль конституциясы» деп аталады.
Әлішер Алахитдинұлының сөзіне қарағанда, 1992 жылдың қыркүйегі мен желтоқсан аралығында Конституция жобасының кең ауқымды жалпыхалықтық талқылауы кезінде 50 мыңнан астам ұсыныс енгізілді. Ол БҰҰ, ЕҚЫҰ сияқты ұйымдар мен АҚШ, Ұлыбритания, Франция секілді елдердің білікті мамандарының сараптамасынан өтті. Егемендіктің символы болған бұл Конституция 6 бөлімдегі 128 баптан тұрады. Оған 20 жылда 5 рет өзгеріс енгізілді. Оның ең соңғысы 2011 жылы жасалды.