Әмірліктерден Қазақстанға 70 млн. доллар инвестиция келсе, Қазақстан ол елге 23 млн. доллар инвестиция салды

АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Соңғы жылдары Әмірліктерден Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 70 млн. АҚШ долларын құрады. Ал, Қазақстан бұл елдің экономикасына 23 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды.
None
None

Бұл туралы бүгін Астанада басталған Қазақстан мен Әмрліктер арасындағы үкіметаралық экономикалық комиссияның отырысында осы комиссияның Қазақстан тарапынан тең төрағасы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхаметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Т. Досмұхаметовтың айтуынша, біздің елде 50-ге жуық қазақстандық-әмірлік бірлескен кәсіпорын тіркелген. Олар құрылыс, көлік, денсаулық сақтау, сауда, қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. «Бүгінде Каспий теңізінің жағалауындағы «Ақтау-сити» жобасы табысты жүзеге асырылуда, Астанадағы Әбу-Дәби Плаза көп функционалды жобасының құрылысы бастауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр», деді ол.

Сонымен қатар, министр қаржылық дағдарыстың салдарынан төмендеп кеткен Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы тауар айналымын қалпына келтіру қажеттігіне маңыз берді. «Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 2009 жылы 45 пайызға төмендеп кеткенін ескеріп, оны қаржылық дағдарысқа дейінгі 2008 жылғы деңгейге дейін көтеру қажет деп санаймын. Бұл ретте, біздің елдер арасындағы инвестициялық, технологилық салалардағы әлеует өте зор», деді ол. «Үкіметаралық комиссияны мақсаты - біздің елдер арасындағы ынтымақтастықты үдету, сондай-ақ ағымдағы мәселелерді дер кезінде тиімді шешу. Бүгінде біз бірлескен жұмыстың нәтижелерін көріп отырмыз. Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы мәдени жылы ашылды, екі елдің үкіметтері инвестицияларды өзара қорғау және көтермелеу туралы келісімге қол қоюға дайын», деп толықтырды сөзін министр.

Осы орайда Д. Досмұхаметов комиссия отырысы аясында бірінші кезекте отын-энергетикалық, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды пысықтау қажеттігін атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар