Амманда Қазақстанның Иорданиядағы Мәдениет күндері өтуде

Өлі теңіздің жағасындағы Король бен Талал атындағы Конгресс Холлдың ғимаратында өткен шараға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед және Иорданияның Мәдениет министрі доктор Сабри Рубихат қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салтанатты рәсімде С. Рубихат бұл шара Иордания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі дамуына, сондай-ақ екі ел халықтарының жақындасуына зор үлес қосатынын айтты. «Екі ел арасында ежелден бері барлық салаларда орнаған қарым-қатынастарды жаңғырту мақсатында мұндай мәдени шаралардың ұйымдастырылғанына біз өте қуаныштымыз. Бұл ретте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор ризашылығымызды білдіреміз. Қазақ жерінен шыққан ғұлама ғалымдар Имам әл-Бухари, Әбу Насыр әл-Фараби және даңқты қолбасшы Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс ислам әлеміне ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге танымал. Қазақ жері осындай ұлы тұлғалардың Отаны», деді салтанатты шарада С. Рубихат.
Өз кезегінде М. Құл-Мұхаммед: «Қазақстан өнер шеберлерінің, Қазақстан мәдениетінің жауһарларын иорданиялық достарымызға таныстыруға үлкен мүмкіндік жасағаны үшін Иордания Королі Абдалла II Бен Хусейн мырзаға зор рахметімізді айтамыз. Біз сегізінші ғасырдан бері араб және түркі халықтарының мәдени байланыстары жаңа деңгейге көтерілген кезден бастап ислам уммасының мүшесі әрі мұсылман мемлекеті ретінде өзінің даму жолын таңдаған елміз», деді. Осы орайда иорданиялықтарға Қазақстан жайлы аз-кем ақпарат берген министр, бұл шара екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанның Иорданиядағы Мәдениет күндері аясында көрме ұйымдастырылып отыр. Оған археологиялық зерттеулер кезінде Қазақстанның әр аймақтарынан табылған алтын, әшекей, зергерлік бұйымдар, жалпы қазақ халқының мәуелі мәдениетінен, терең тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Олардың арасында осыдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген қазақ ханзадасының алтын киімі де бар. Мәдени күндер аясында қарашаның 3-де Амманда Қазақстан өнер шеберлерінің қатысуымен гала концерт өтеді. Атап өтерлігі, Қазақстанның Иорданиядағы Мәдениет күндерді өткізу туралы шешім Иордания Королі Абдалла II-нің 2007 жылы Қазақстанға жасаған сапары барысында қабылданған болатын. Былтыр біздің елімізде Иорданияның Қазақстандағы Мәдениет күндері өтті.