Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығын басқару австриялық Vamed компаниясына берілді

АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгіннен бастап Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының басқарылуы австриялық Vamed компаниясына берілді.
None
None
Бұған бүгін «Риксос» қонақүйінде Vamed Management and Service компаниясы мен «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ-ның арасында қол қойылған құжат негіз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Келісімшарт Елбасының Ұлттық медициналық холдингі базасында халықаралық жетекші компанияның басқаруындағы «Болашақ госпиталін» құру туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жасалды. Оған сәйкес басқару мерзімі белгіленген 2 жыл 9 айдың ішінде Vamed компаниясы аталмыш Орталықта аурухананы басқару жөніндегі тиімді менеджментті жүзеге асырып, халықаралық стандарттарды енгізу, науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен Орталықтың халықаралық деңгейдегі аккредитацияға ие болуы үшін қызмет жасайтын болады. Сондай-ақ бүгіннен бастап Орталықтың ресми атауы да өзгерді. Ол «Vamed компаниясының басқаруындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ деп аталады.Шетелдік компанияның басқарушы директоры Готфрид Костың атап көрсеткеніндей, Vamed компаниясы ТМД елдері ішінде өз қызметтерін бүгінде Ресей, Түркіменстан және Әзірбайжанда көрсетіп отыр. Олардың ауруханалық басқару менеджменті саласындағы жобалары әлемнің 50 елінде тиімді қолданылып келеді. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Бертановтың айтуынша, аурухана шетелдік компанияның басқаруына уақытша беріліп отыр және ол мемлекеттің жекеменшігі болып қала береді. Медициналық қызметтердің тапсырыс берушісі де мемлекет болады. Орталықты тұрақты басқарумен компанияның жеті адамы айналысса, оның қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін шетелдік мамандар уақытша мерзімге шақырылып отыратын болады. Сонымен қатар, республиканың әр аймағынан 50 маман бір жарым жыл бойы аурухананы басқарудың тиімді менеджментін үйренбек.
Соңғы жаңалықтар