Ана тіліміздің абыройын асырайық - М.Ихсанғали, БҚО

- Елбасы Ұлытау төріндегі толғанысында тіл тақырыбын арнайы қозғай келіп: «Біз еліміз үшін, жұртымыз үшін тарихымызды, мәдениетімізді, санамызды, ғұрпымызды өзіміздің тіліміз арқылы жеткізе аламыз», деп атап көрсеткен болатын. Ендеше, осы өзекті мәселе төңірегінде сіз не айта алар едіңіз?
- Алдымен айта кетейін, Елбасымыз биылғы Жолдауында Ұлытау төріндегі толғанысын жалғастырып, Қазақ елі ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі екендігін атап көрсетті. Міне, Президентіміз атап өткеніндей, осы кең-байтақ еліміздегі Астана, Алматы сияқты ірі қалаларымыз бен барлық облыс орталықтары теміржол, тасжол, әуе жолы арқылы тығыз байланыста болып, бір-бірімен мидай араласып жатуы керек. Дүние жүзіне танымал, экономикалық тиімділігі жоғары Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыстан Еуропаға қарай өтетін жолдарымызды қалпына келтіріп, Қазақстанның транзиттік мүмкіндігін арттыруға үлкен көңіл бөлініп отыр. Елдің күретамырына жан бітіріп, қан жүгіртетін қатынастың бірі «Жезқазған-Бейнеу», «Арқалық-Шұбаркөл» жаңа темір жол желілерін ашуға арнайы барған Елбасымыз қазақтың қасиетті жері Ұлытауға келіп, өзінің көкірегінен жарып шыққан сөздерін тебірене жеткізіп, туған халқымен сыр бөлісті. Қазақстанның көп қатпарлы, сан ғасырларға кететін тарихын айта келе, мемлекеттік тіл мәселесіне де нақты тоқталды. Шынында да мемлекеттік тілді толыққанды дамытпайынша, тарихымызды, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жоғары деңгейге көтеремін деу қиын. Тілдің қазіргі саясаттағы алатын орны үлкен, маңызы зор. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы тарихи Отанымызда біте қайнасып кеткен бізбен тағдырлас өзге ұлт өкілдері де өлшеусіз рухани байлыққа кенеледі. Сөйтіп бәрі бірдей тізе қосып, бас біріктіріп, ең басты құндылылығымыз - Тәуелсіздігімізді қорғап, нығайтуға үлес қоса алатындығын жеткізді Президентіміз. Елімізді мекендейтін тұрғындардың бәрі қазақ халқының тілін біліп, мәдениеті, тарихы, тұрмыс-тіршілігімен етене жақын болған кезде басқа ұлт өкілі деп айтпайтын да боламыз. Өйткені өркениеті дамыған мемлекеттерде басқа ұлт өкілі деген түсінік қолданылмайды. Мәселен, Францияда басым көпшілігі негізгі ұлт болғанымен, басқалары да шыққан тегіне қарамастан, өздерін французбын деп есептейді. Қазақстанда да осыған жету үшін әркім мемлекеттік тілді меңгеруі керек. Елбасының қазақ тілінде мінбеден сөйлеп тұрған кезде оны Қазақстан халқының бәрі бірдей түсінетін жағдайға жеткенін армандайтынын айтуы да шынайы екені сөзсіз. Соның ішінде мемлекеттік тілдің тағдырына алдымен қазақ халқының жауапты екенін атап өтті. Себебі біз өзіміз санамызды өзгертіп, ана тілімізге деген құрметті арттырып, жүрегіміздің түкпірінде сақтамайынша, белгілі бір нәтижеге жету қиын. Мұны жарлықтың не қаулының күшімен шешу қисынға келмейді.
- Оныңыз, әрине, орынды. Елбасының осы мемлекеттік және өзге тілдерді дамыту бағытындағы тапсырмалары өңірде қалай орындалуда, енді соған тоқталсаңыз?
- Елімізде тілдерді дамыту мен қолданудың алдымен 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылғаны белгілі. Міне, соны қорытындылаған кезде Елбасымыз қоғамда бұрын болған «қазақ тілі құрып кетеді» деген қорқыныштың жойылғанын атап өтіп, барлық облыстардағы тіл жанашырларының атқарған жұмыстарына оң баға берді. Қазіргі таңда тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы үш кезеңге (2011-2013, 2014-2016, 2017-2020 жылдар) бөлініп, орындалуда. Бұл бағытта Батыс Қазақстанда да облыс әкімдігі бекіткен іс-шаралар жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, биыл тілдерді дамытуға облыстық бюджеттен 61 млн. теңге бөлінді. Мұның басым көпшілігі - республикалық деңгейдегі шаралар. Біз оның денін өткізіп, байқаулардың жеңімпаздарын анықтап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудеміз. Айталық, мемлекеттік тілді насихаттау бағытында соңғы төрт жылдың үшеуінде жергілікті ТДК-42 телеарнасы тендер арқылы озып шығып, әрқайсысы 25 минуттық 74 бағдарламаны (оның 50-і орыс, қалғаны қазақ тілінде) көрсетіп келеді. Республикадағы және облыстағы ғалымдармен бірлесе отырып, қазақ халқының тілі мен тарихына, ономастика, терминологияға қатысты танымдық хабарлар қолға алынды. Сол секілді «Жайық Пресс» ЖШС арқылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері арқылы да мемлекеттік тіл ұдайы насихатталуда. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы осының бәрін ескеріп, бұл салада құқықбұзушылық болса, тексеріп, реттеп отырады. Елбасы Жолдауында айтылған мақсат-міндеттер аясында, Ата заңымызда айшықталған баптарды басшылықты ала отырып, жұмыстанудамыз. Орыс тілі жөнінде сөз қозғасақ, кейде оны ресми тіл деп айтып қалып жатады. Бұл олай емес, өйткені ресми тіл мемлекеттік тіл деген ұғымның синонимі болып есептеледі. Рас, орыс тілі іс қағаздарын жүргізуде, ұлттар арасында қарым-қатынас тілі ретінде қолданыла береді. Оның даму деңгейі біздің облысымызда өте жоғары деуге болады. Мұны мынадан-ақ аңғаруға барады. Орал қаласы мектептерінің түлектері Санкт-Петербор сынды қалаларға барып, алдыңғы орындарды иеленіп, келіп жатады.
- Сөзіңіз аузыңызда, Елбасымыз биылғы Жолдауында: «Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз», деп атап көрсетті. Ендеше, өзге ұлт өкілдерінің тілін дамыту да назарда ғой?
- Иә, оған сөз бар ма! Мәселен, ұлттық-мәдени орталықтардың бастамасымен жексенбілік мектептерде татар, еврей тілдері оқытылуда. Болашақта облыстық тілдерді дамыту басқармасы шешен, армян, әзірбайжан және өзге тілдерді оқытуға мүдделі. Тек ол үшін сұраныс болуы керек. Яғни ұлттық-мәдени орталықтардан тапсырыс түсіп, қанша адамның оқитыны белгілі болуы қажет. Сонда біз бәрін есептеп, облыстық бюджет арқылы қаржы ала аламыз. Ең бастысы, тіл - өте нәзік мәселе. Сондықтан, Президентіміз сақтандырып отырғанындай, патриотизмді желеу етіп, даурықпалыққа, қызуқандылыққа салынбауымыз, орынсыз жерге пышақ ұрмауымыз қажет. Өйткені қазақ елінің де әлемдік қауымдастықпен бірге даму сатысында екендігін ескере отырып, айналамызда болып жатқан саяси, ұлтаралық мәселелерден сабақ ала білуге тиіспіз. Мысалы, Украинада болып жатқан жағдайды елдің бәрі біледі. Оған тіл мәселесінің ушығуы да себеп болмай қалған жоқ. Соның салдарынан бауырлас екі славян халқының арасына жік түсті. Тіл ең алдымен татулыққа үндеп, бейбітшілікке деген ұмтылысты бекіту қажет. Қазақ тілін үйренуде біз, біріншіден, заңдылықты бұзбауымыз керек. Ешкімді зорлап, мәжбүрлеп оқыта алмаймыз. Бәрі де - мәдениетті, саналы түрде жүзеге асатын мәселе.
Айта кетейік, біздің облыстық басқарманың құрылғанына он жыл болды. Осы кезеңге көз жүгіртсек, өңірде мемлекеттік тіл саясатының алға басқандығын аңғару қиын емес. Яғни қалыпты арнаға түсті, басқарма да көрсеткіштер жөнінен республика деңгейінде Ақтөбеден кейінгі алдыңғы орында келеді. Мұны да біздің шығармашылық ұжымның жетістігі деп бағалауға болады.
- Тіл саясатының бір саласы - ономастика. Биыл мораторий алынып тасталғаннан кейін көшелерге атау беру жұмысы қайта жанданды. Осы жөнінде не айтар едіңіз?
- Кейінгі он жыл аралығында ономастика бес рет мораторийден өтті. Биыл бұл жұмыс жалғасып, қызу жүргізілуде. Бұл мәселе де күрделі, сондықтан оған асығыстық жүрмейді. Заңға да өзгерістер енгізілді. Мәселен, атау беру мәселесі талқыланбастан бір ай бұрын облыстық, аудандық газеттерге хабарландыру берілуі керек. Бұл талапты атқарушы органдар орындамаса, прокуратураның араласуымен шешімнің күші жойылады. Жиында талқыланғаннан кейін осындай тағы бір хабарландыру беріледі. Сонда белгілі бір нысан атауын өзгертуге төрт-бес айдай уақыт кетеді. Осы жерде астын сызып айтатын жайт, ономастика мәселесі талқыланғанда, сол аумақта тұратын тұрғындардың пікірі ескеріледі. Бұл қағида кешігіп бекітілді. Яғни мораторий қаңтар айында алынғанымен, қағида маусымда күшіне енді. Сондықтан ономастика ісі облыста екінші жартыжылдықта өріс алды. Соның өзінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен төрағалық ететін облыстық ономастикалық комиссияның екі мәрте отырысы өтіп, Орал қаласына қарасты Зачаган, Деркөл, Круглоозерный, Серебряков кенттері мен он екі аудан ауылдарындағы 731 көшенің атауы ауыстырылды. 51 көшенің атауы комиссия тарапынан қолдау таппады, енді бұлар бойынша жұмыстар қайта жүргізілетін болады. Сол секілді М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің атауын Махамбетпен ауыстыру, А.Гайдар атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына Хамза Есенжановтың, облыстық қазақ драма театрына Хадиша Бөкееваның есімін беру жөнінде құжаттар заңға сәйкес қайта жинақталып, республикалық ономастикалық комиссияға жолданды.
Орал қаласының көшелері туралы айтсақ, облыс орталығы болғандықтан, оны өзгертуді республикалық комиссия шешеді. Біз қала әкімдігінен түскен құжаттарды реттеп, сонда жібереміз. Егер онда қолдау тапса, қала әкімінің шешімі шығып, көше атауы жаңарады. Тағы бір мәселе - елді мекендер атаулары. Облыста он екі аудан бойынша Қазақстан Республикасының қазіргі саясатына, тәуелсіздік талаптарына сай келмейтін елді мекендер тізімі жасалды. Атқарушы органдар сол ауылдар тұрғындарымен кездесулер өткізіп, бізге ұсыныс түсіргеннен кейін оны республикалық комиссияға жолдаймыз. Ал ауданның аты өзгере қалғанда, Үкіметтің қаулысы, қала атауына қатысты Президенттің Жарлығы шығуы керек. Күні бүгін бұл бағытта ұсыныс түсіп жатқан жоқ. Ол жөнінде аудандарға «олай ет, бұлай ет» деп ешкім тапсырма бере алмайды, бастама сол жергілікті жерден көтерілуі керек.
- Соңғы сауал ұлты қазақ балаларының ана тілінде білім алуы жайында. Осы орайда өңірде зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен үгіт-насихат жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Қазіргі жағдайды қалай деп бағалар едіңіз?
- Бұл ретте Орал қалалық білім беру бөлімінен мамыр айының соңына қарай бірінші сыныпқа қанша баланың баратыны жөнінде ақпарат түседі. 1 қыркүйекке дейін уақыт тығыз болса да, тіл жанашырлары, қалалық мәслихат депутаттары мектептерге барып, жиналыс өткізіп, өз ұсыныс-тілектерін жеткізеді. Ұлты қазақ балалардың басқа тілде білім алу үрдісі азайғанымен, әлі жалғасып келе жатыр. Біздің ойымызша, қазақ балалары тым құрығанда бастауыш сыныпта ана тілінде білім алғаны жөн. Әрине, Ата заңымызда көрсетілгеніндей, білім алу тілін әркім өзі таңдайды. Сондықтан ата-ана баласын қалаған тілінде оқытуға береді.
Соңғы кезде Орал қаласы мен Бөрлі, Зеленов аудандарында қазақ мектептерінің жетіспеуін байқау қиын емес. Мәселен, Оралда 1200 орындық мектепте 1600-дей бала білім алады. Сол себепті кейде орын болмай жатады. Жыл сайын өңірде жаңадан ашылатын мектеп, балабақшаның бәрі мемлекеттік тілде білім береді. Соның өзінде табиғи өсімнің әсерінен қазақ мектептеріне сұраныс жоғары болып отыр.
Тағы бір жайт, аралас тілді мектептер мәселесі. Мұнда сабақ екі тілде берілгенімен, негізгі ұйымдастыру, тәрбие жұмыстары орысша жүргізіледі. Сол мектептердің басшылары мемлекеттік тілді меңгермесе, ол да кері әсер етеді. Яғни басшылардың бәрі орыс тілінде сөйлеп жүргеннен кейін қазақ сыныптары өздерін төмен сезінеді. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасына ресми хат та жазылды. Сондай-ақ өзге ұлт өкілдері жоқ Жәнібек, Бөкей ордасы, Қазталов сынды алыс аудандарда бұрыннан келе жатқан орыс тілінде сабақ беретін сыныптарды қалайда сақтап қалу амалы көңілге қонбайды. Бұл жерде сол тілде сабақ беретін мұғалімдерді қайда жібереміз дегендей, желеулер айтылады. Олардың қазақ тілінде дәріс беруіне толық болады ғой.
Қорыта айтқанда, басқа тілдерге құрметпен қарай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесі бәрінен де жоғары тұруы керек дер едік. Ұлытау төрінде «...Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек», деп Елбасымыз айтты ғой. Бұдан артық қандай бағыт-бағдар қажет. Ендеше, ана тіліміздің абыройын асыру жүрегі елім деп соққан әр азаматтың борышы екендігін естен шығармайық.