12:31, 29 Желтоқсан 2015 | GMT +5
Анасымен ренжісіп үйінен кетіп қалған астаналық бойжеткен Көкшетаудағы қонақ үйлердің бірінен табылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Анасымен ренжісіп үйінен кетіп қалған астаналық бойжеткен Көкшетаудағы қонақ үйлердің бірінен табылды.

Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Желтоқсанның 26-ы күні Астана қаласындағы Сарыарқа ІІБ кезекшілік бөліміне жергілікті тұрғын 40 жастағы әйел хабарласып, жасөспірім қызының 25-ші желтоқсан күні кешкі уақыт 20:00 минут шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағанын айтып көмек сұраған», деп көрсетілген хабарламада.
Осыған орай жүргізілген жедел-іздестіру шарасы барысында 17 жастағы қыз Көкшетау қаласындағы қонақ үйлердің бірінен табылды.
Кейін анықталғандай, ол Астана қаласында анасы және ағасымен бірге тұрған. Желтоқсанның 25-і күні анасымен ұрсысып қалған бойжеткен үйінен кетіп қалып, артынша Көкшетаудан бірақ шыққан. Қазіргі кезде қыз анасымен қауышты.