20:12, 08 Мамыр 2013 | GMT +5
Андрей Кирдяшов қарағандылық «Сарыарқа» хоккей командасының бас бапкері қызметінен кетті
ҚАРАҒАНДЫ. 8 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағандылық «Сарыарқа» ХК бас бапкері Андрей Кирдяшов қызметінен кетті, деп хабарлады аталмыш хоккей командасының директоры Арғын Нығматулин.

«Жаттықтырушымен келісім 30 сәуірге дейін жасалған және біз келісім-шартты ұзартпау жөнінде ортақ шешімге келдік. Қазір маманды іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, жаңа бапкердің атын кейінірек жариялаймыз», - деді А. Нығматулин.
Сонымен қатар, аға жаттықтырушы қызметін атқарған Айдар Шипаговтың да клубтан кететіні белгілі болды.
«Сарыарқа» өткен маусымда Жоғары хоккей лигасында алғаш рет сынға түсіп, тұрақты чемпионатта топ жарғанын еске саламыз. Команда қатарынан 23 рет жеңіске жетіп, жеңіліссіз ойындар саны бойынша Жоғары және Құрлықтық хоккей лигаларының рекордын орнатты. Сонымен қатар, «Сарыарқа» Братина Кубогының финалисті болған.