Апатты үйлерден жаңа баспанаға: Алматыда «Ескі үйлер» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады
Аталмыш бағдарлама алдағы 3 жылға есептелген. Бұл бағдарлама бойынша бұрынғы ескі үйлер бұзылып, олардың орнына жаңа үйлер салынады. Бағдарлама қаланың 7 ауданында да қолға алынбақ. Құрылыс аяқталған соң апатты үйлерде тұрып келгендер жаңа үйлерге көшеді.
Бағдарлама аясында салынған үйлерден пәтер сату да қарастырылған. Түскен қаржыны қала басшылығы осындай үйлерді салуға жұмсамақ.
Барлығы 39 ескі тұрғын үй бұзылады, бұлардағы пәтер саны 384, жалпы көлемі 14 598,6 шаршы метр. Ескі үйлердің орнына 2069 пәтері бар 62 жаңа тұрғын үй салынады, олардың жалпы көлемі 127 105,6 шаршы метр. Жобалау барысында құрылыс тығыздығы нормалары түгел сақталады.
Бағдарламаны жүзеге асыруға 18,5 млрд.теңге қажет, оның 4 млрд. теңгесі - тұрғындар көшірілетін тұрғын үйлерді салуға, 14,5 млрд. теңгесі тұрғындарға сатылатын баспана құрылысын жүргізуге жұмсалады.
Барлық аудандарда (Алмалы, Әуезов, Жетісу, Медеу, Бостандық, Түрксіб, Алатау) ескі үй тұрғындарымен кездесулер болды, оларға Бағдарлама бағыты кеңінен түсіндірілді.
Қазіргі кезде тұрғын үйлер салу үшін Түрксіб, Алмалы, Әуезов, Медеу аудандарында жер телімдері рәсімделді. Жасалған жобалық-сметалық құжаттар мемлекеттік сараптамаға жіберілді.
Алматы қаласының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жаңадан салынатын тұрғын үйлер бойынша магистралды инженерлік құрылыстардың құжаттарын әзірлеуде.